Астана күні

Астана туралы 10 қызықты ақпар: Бәйтерек – Астананың басты символы

Strategy2050.kz АА елорданың басты символы – «Бәйтерек» туралы баяндайды.
Астана қаласы30 Маусым , 19:06

Бәйтерек – Астанадағы архитектуралық құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. Елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі.

Металлдан, әйнек пен бетоннан жасалған бұл «терек» сәулеттік мағынасы жағынан да, жасалуы жағынан да бірегей: биіктігі 105 метрлік металл құрамасынан, салмағы 1000 тоннадан жоғары бес жүзге жуық қададан тұрады. 

Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі 97 м, диаметрі 27 м; негізгі есікке бастайтын әшекейлі темірбетон саты жер бетінен 4,8 м жоғары орналасқан.

 «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады; жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен; оған қол табы тигенде шиыршық түрінде жарық ағып түсіп, сәуле алақанға құйылады және Қазақстанның мемлекеттік әнұраны ойналады.

 Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 т, ал алтын шардың үстіңгі ауданы 1553 м².

Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан Астананыңкешегі және бүгінгі сәулеті – «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады.

Астананың орталығында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» – қазіргі Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Ол елорданың халық көп баратын жерінің бірі.

Мадина Нұрбекова 




Яндекс.Метрика