Адами капитал

Астанада әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтардың санаты толықтырылады

Астана қаласы маслихатының кезекті отырысында қала тұрғындарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Астана қаласы28 Маусым , 15:03

«Әлеуметтік көмек азаматтардың жекелеген санаттарына қиын өмірлік жағдайға тап болған, сондай-ақ, атаулы даталарда және мереке күндері ақшалай немесе басқаша түрде көрсетіледі. Бұл ережеге бірнеше өзгерістер енгізілді. Көмек көрсетілетін азаматтардың санатына ҰОС қатысушылар, зейнеткерлік жастағы тұғлалар, мүгедектер, саяси қуғын-сүргін құрбандары, көп балалы отбасылар, жетім жәнем ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлерінің түлектерінен басқа, әлеуметтік маңызды ауруларға шалдыққандар да енгізіліп отыр», - деді отырыс барысында Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алма Алтыбаева.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызды ауруларға шалдыққан тұлғаларға (АҚТҚ/ЖҚТБ, туберкулез, қатерлі ісік), диспансерлік есепке алынған балаларға тоқсан сайын материалдық көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға шұғыл арада дәрі-дәрмектер сатып алуға, медициналық қызметтерді пайдалануға және басқа да қаржылық мәселелерді шешу үшін қаржы бөлінеді. Ал көмек мөлшері нақты шығындарға байланысты белгіленеді, деп қала әкімдігінің ресми порталы хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, кейбір жекелеген санаттар бойынша азаматтар қалалық жолаушылар көлігімен жол жүруге төлем төлеуден босатылды. «Аталған әлеуметтік көмек Астанада тіркелген және тұрақты тұратын жасына қарай зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне көрсетіледі. Қалалық жолаушылар көлігінде жол жүруге төлем төлеуден босатуға осы санатқа жататындығын растайтын құжаттар негіз болады. Егер бұған дейін олар жол жүру билеттерін көрсетуге міндетті болса, енді бұл ереже күшін жояды. Аталған санатқа жататын азаматтар тек зейнеткерлік куәлігін немесе мүгедектік куәлігін көрсетеді», - деді ол.




Яндекс.Метрика