Астана күні

Тәртіп сақшылары қала күнін тойлауда тыныштықты қамтамасыз етуге әзір – әкімдік

Астана күнін мерекелеу аясында 130 астам іс-шара өтеді. Жоспарланған шараларды өткізудің қауіпсіздігі күшейтілген түрде бақылауға алынады. Атаулы күннің ойдағыдай мерекеленуін шамамен 2000 жуық тәртіп сақшысы қадағалайды.
Астана қаласы28 Маусым , 15:28

«Астана күніне орай Астана қаласының ІІД қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс атқарады. 29 маусымнан бастап 7 шілдеге дейін күшейтілген тәртіп күніне ауыстырылады. Сондай-ақ, 26 маусымнан 28 маусымға дейін Астана қаласының аумағында «Құқықтық тәртіп» атты профилактикалық іс-шара өткізіліп жатыр. Бұл іс-шара кезінде қалаға келген адамдардың құжаттары қатаң тексеріледі. Маскүнемдікке салынған, немесе қайыр тілеп жүрген адамдармен жұмыс атқарылады. Сонымен қатар осы күндері жол қауіпсіздігі де қатаң бақылауға алынады», -  Рүстем Өмірбеков, Астана қаласы ІІД ӘПБ ЖҚҰБ бастығы, полиция майоры

Полициядан бөлек елордалық құтқару қызметі де күшейтілген режимге ауысып жатыр. Қазір өрт сөндіру қызметінің барлық техникасы тексеруден өтіп, оқыс оқиғаға дайындығы қатаң қадағалануда. Сондай-ақ, іс-шараның барлығында тоқ пайдаланылатындықтан мамандар сахнаға құрылған техниканың да қауіпсіздігін есепке алуда, деп қала әкімдігінің ресми порталы хабарлады.

Астана күніне дейін әлі бір аптадан астам уақыт бар. Десе де, Жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері кез келген шақыртуға сақадай-сай тұр. Ел демалғанда жұмысы еселене түсетін медицина саласының мамандары қала күнін мерекелеуде 77 бригаданың жұмыс істейтінін айтады.  

Аптап ыстық әлі де сақталуы мүмкін. Сондықтан өзіңізбен бірге сусын, күн көзінен қорғайтын көзілдірік, бас киім не қолшатыр алуды ұмытпаңыз. Мереке тек жақсы жақтарымен есіңізде қалсын. 




Яндекс.Метрика