Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы

Павлодар облысында «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасының қорытындысы шығарылды

Павлодар облысында аймақ басшысы Қ.Бозымбаевтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бірінші кезеңінің аралық қорытындысы шығарылды, сонымен қатар облыс мектептерінің жаңа оқу жылына дайындық барысы қарастырылды.
Павлодар27 Маусым , 11:22

Облыс әкімі атап өткендей, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыру барысында біршама жемісті нәтижелерге қол жеткен. Алайда, табысты нәтижелермен қатар, бірқатар өзекті проблемалар да бар. Мәселен, ана өлімі оқиғалары тіркелген, Ақтоғай, Ертіс, Лебяжі, Май және Успен аудандарының болашақ аналарына әлі күнге дейін материалдық ынталандыру төленбеген, бұл мәселе жөнінде облыс тұрғындары атынан түскен шағымдар да бары белгілі, деп облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі таңда облыста 406 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Барлық 406 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 86 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталған. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 648,5 млн.теңге сомасына 36 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Кейбір аудандарда мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жасау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмегені белгілі болды. Ертіс, Май аудандарында және Ақсу, Павлодар, Екібастұз қалаларында мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтпеген.  

Облыстың білім беру басқармасы басшысы Б.Бексейітованың мәлімдеуі бойынша білім беру мекемелерінің өрт сөндіру құрал-жабдықтармен жабдықталуы 100 пайызды құрап отыр. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаумен байланысты кемшіліктер өткен жылы жойылған. Алайда, білім беру жүйесінің 662 нысанының 374-інде орталық жылу жүйесін жоқ.  

Осы мәселені талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі қалалар мен аудандар әкімдеріне білім беру жүйесі мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын уақытында жүргізу бойынша шара қабылдауды тапсырды.




Яндекс.Метрика