Өңірлер

ҰКП жанынан стартап жобаларды кепілдіксіз қаржыландыру қоры құрылады

Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан стартап жобаларды кепілдіксіз қаржыландыру қоры құрылмақшы. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Алтаев мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан26 Маусым , 15:21

«Биыл біз аталмыш мәселені қарастырып, қазірдің өзінде кәсіпкерлік мектептерін құру бойынша аудан орталықтарында жұмыс істеп жатырмыз. Осы тұрғыда біз әсіресе республиканың оңтүстік өңірлерінде айтарлықтай мәселелермен бетпе-бет келіп жатамыз. Қазіргі таңда жұмыссыздық мәселесімен тек осындай жол арқылы күресу керек», - дейді Н.Алтаев.

Ұлттық палата жыл соңына дейін осындай кәсіпкерлік мектептерін ашуға ниеттеніп отыр. Онда жастар кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, бизнестің қыр-сырына машықтанбақ. «Биылғы жылы тағы да ғаламтор арқылы бизнеске баулитын Open University мектебі ашылады. Ғаламторға кіретін кез келген адам осылайша кәсіпкерлікті игере алады», - дейді ол.

«Ірі кәсіпкерліктердің қаражатын шоғырландыратын қор құру мәселелері қарастырылуда. Осынау қор арқылы біз елдегі стартап жобаларды қаржыландыратын боламыз. Аталмыш қаражат қайтарылым негізінде кепілдіксіз несие түрінде беріледі. Осылайша елдегі жастарды кәсіпкерлікке кірісуге ынталандырамыз», - дейді ол. 

Камила Амирова




Яндекс.Метрика