Ұлттың денсаулығы

Қазақстан спорттық нысандарды тиімді пайдалану бойынша Голландияның тәжірибесіне жүгінеді

ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі спорттық нысандарды тиімді пайдалану шеңберінде Голандиямен әріптестік орнатқан. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті отырысында ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев мәлім етті.
Нұр-Сұлтан24 Маусым , 12:39

«Бүгінде Спорт агенттігі Үкіметпен бірлесіп спорттық нысандар мен кешендерді тиімді пайдалану жолдарын қарастыруда. Біз Голландиямен осы мақсатта келісімге отырдық. Голландияның өз командасы бар. Ал біз болсақ Голландияға өзіміздің спортсмендерімізді жіберіп, олардың спорттық нысандарды қаншалықты тиімді пайдаланатынына көз жеткізбекшіміз», - деді Т. Есентаев.

Агенттіктің басшысы атап өткендей, «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңжобасы жергілікті жұртқа спортпен айналысуға жағдай жасайды және елдегі кәсіби спорттың деңгейінің өсуіне септігін тигізеді.

«Елді-мекендерде спорттық нысандар салынуда және олар қарапайым халық үшін қолжетімді болуы тиіс. Заңда шағын стандарттар қарастырылатын болады. Олар бойынша балалар мен кембағал жандар, зейнеткерлік жастағы қариялар спорттық нысандарға бара алатын болады. Оның үстіне бұл нормалар барлық шалғай ауылдарға ортақ болады», - деп ол толықтырды.

Айта кетерлік жайт, Сенат «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасын  және оған енгізелтін  өзгертулер мен толықтыруларды бірінші оқылымда қарады.

Жалпы, заң жобасы дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруді көздейді.

Камила Амирова




Яндекс.Метрика