Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ДЕЛИМИТАЦИЯЛАУ ЖӘНЕ ДЕМАРКАЦИЯЛАУ

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша саяси міндет қойылды. Бұл міндетті жүзеге асыру – мемлекеттің егемендігін сақтау, оның территориялық тұтастығы мен шекарасының мызғымастығын қамтамасыз ету ретінде танылды.

Мемлекеттік шекаралар – БҰҰ Жарғысы мен 1975 жылғы ЕҚЫҰ Қорытынды актісі бойынша бекітілген халықаралық құқықтың іргелі қағидаларының бірі болып саналады.

Осы құжаттарға сәйкес мемлекеттер әскери басып алулардан, халықаралық құқықты бұзатын басқа да тікелей немесе қосымша күш көрсету шараларын жасауға немесе осындай шараларды жүзеге асыру қорқынышымен мақсаттарына жетуден бас тартуы қажет.

Шекараның өзгеруі халықаралық құқыққа сәйкес тек қана бейбіт жолмен және өзара келісім негізінде жүзеге асады. Шекараның бұзылмаушылығы елдің егемендігі мен территориялық тұтастығының белгісі ретінде қызмет етеді және де халықаралық құқықтың субъектісі ретіндегі мемлекет түсінігімен тығыз байланысты.

КСРО-ның ыдырауы бұрынғы одақ республикаларын территориялық мәселелерді шешуге итермелегендігін есепке ала отырып, Қазақстан өз шекарасын рәсімдеуге қатысты келіссөз үрдісіне белсенді араласты.

Қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау үрдісі.

1991 ж. дейін Қытаймен арадағы келіссөздерді кеңестік үкімет ҚХР-мен шекаралас одақ республикаларының өкілдерін тарта отырып жүргізген болатын.

1992 ж. Қытаймен келіссөздер жүргізген КСРО Үкіметтік делегациясының орнына 1992 ж. 8 қыркүйегіндегі Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан үкіметтерінің арасындағы келісімге сәйкес ҚР, РФ мен ТР Үкіметтерінің біріккен делегациясы құрылды.

Қазақстан Қытаймен келіссөздерге Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 ж. 17 шілдесіндегі № 607 «Қазақ-қытай шекарасы аймағындағы өзара қарулы күштерді қысқарту және әскери саладағы сенімділікті нығайтуға қатысты Қытай Халық Республикасымен келіссөздер мен шекара аймақтық сұрақтарға қатысты келісімдер туралы» қаулысы негізінде өз делегациясын қалыптастырып кірісті.

Делимитация бойынша келіссөздер 1992-1998 жж. жүргізілсе, ал демаркация толығымен 2002 жылы аяқталды.

Келіссөздер негізіне Ресей Империясы мен Қытай арасында XIX ғасырда жасалынған сегіз келісім мен хаттамалар алынды.

ҚР мен ҚХР арасындағы кездесулер қорытындысы бойынша қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасы сызығының өтуі мен оның шекаралық аймақтағы белгіленуін анықтайтын мен нақты сипаттайтын халықаралық келісімдер жасалынды:

1. 1994 жылдың 26 ақпанындағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісім;

2. 1997 жылдың 24 қыркүйегіндегі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасы туралы қосымша келісім;

3. 1998 жылдың 4 шілдесіндегі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасы туралы қосымша келісім;

4. 1999 жылдың 5 мамырындағы Қазақстан Республикасы, Қытай ХалықРеспубликасы және Ресей Федерациясы арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйіскен нүктесін анықтау туралы келісім;

5. 1999 жылдың 25 тамызындағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйіскен нүктесін анықтау туралы келісім.

Қытаймен арадағы мемлекеттік шекараны демаркациялау үрдісі 1994 жылдың 26 ақпанындағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімінің 4 бабына сәйкес ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметімен құрылған Біріккен қазақстан-қытай демаркациялық комиссиясы арқылы жүзеге асырылды.

Демаркациялық жұмыстар 1996 жылдың шілдесінен 2001 жылдың желтоқсаны арасында алты жұмыс тобы арқылы жүргізіліп, 2002 жылдың 10 мамырында Пекинде Қазақстан Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаев пен ҚХР Сыртқы істер министрі Тан Цзясюанның Қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасы сызығы демаркациясы туралы ҚР Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Хаттамаға қол қоюуымен аяқталды.

Демаркацияланан қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 1 782,75 шақырым болса, оның құрлықтағы бөлігі – 1 215,86 шақарым, ал су бөлігі – 566,89 шақырымды құраған.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы

КСРО аймағындағы өзара әкімшілік-территориялық межелеулерді мойындауды бекіткен жалпылама құқықтық құжаттар ретінде 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алма-Ата Декларациясы, 1992 жылғы 14 ақпандағы ТМД аясындағы ынтымақтастық қағидаларын сақтау жөніндегі декларация, 1994 жылғы 14 ақпандағы Достастықтың мүше-мемлекеттерінің егемендігі, территориялық тұтастығы мен қолсұғылмаушылығын сақтау туралы декларация, түрлі екіжақты келісім-шарттар, одақтық және республикалық деңгейлі Жоғарғы Кеңестік заңнамалық актілері алынды.

Осы құжаттарға сәйкес Тараптар шекаралық келіссөздердің негізі ретінде одақтас республикалардың әкімшілік-территориялық межеленуін алуды мойындады.

Бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік шекаралардың баршаға ортақ ерекшелігі ретінде кейбір аймақтардағы шекара сызығының нақты қалыптасқан үлгісі қолда бар құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес келмеуін атауға болады. Бұндай жағдайларда тараптар ұлттық және экономикалық мүдделерді есепке ала отырып, тең бөлу және жер телімдерін ауыстыру секілді өзара тиімді шешімдер қабылдап отырды.

Қазақстандық тараптан мемлекеттік шекараны делемитациялау жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 ж. 1 қыркүйектегі № 1283 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын Қырғызстан Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түркменстанмен және Өзбекстан Республикасымен делимитациялау бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметтік Комиссиясы туралы (ҚР Үкіметінің 24.02.2000 ж. № 289; 06.06.2000 ж. № 856; 17.07.02ж. № 791; 02.06.03 ж. № 509; 01.07.04 ж. № 726 түзетулерімен) қаулысына сәйкес жүзеге асырылды.

Сыртқы істер министрлігі Комиссия құрамын және мүдделі министрліктер мен ведомстволар, облыстық, аудандық және ауылдық әкімшіліктер өкілдерін қосу арқылы сәйкес Үкіметтік делегациялар жасақтады, ал сарапшылар ретінде түрлі мекемелердің мамандары тартылып, геодезис, картограф, жерге орналастырушы, гидрологтар арасынан жұмыс топтары құрылды.

Орталық Мемлекеттік мұрағаттағы, министрліктер мен ведомстволардағы, Қазақстан Республикасының арнайы мекемелеріндегі бар материалдар мен құқықтық негіз тиянақты қарастырылып, әр мемлекетпен келіссөздер жүргізудің ұстанымдары мен әдістемесі жасалынды.

Делегация мүшелері және жұмыс тобының өкілдері қажет жағдайда жергілікті тұрғындармен, қоғамдық ұйымдар және жетекшілермен кездесіп отырған.

Келіссөз үрдісінің жағдайы және бары-сымен тұрғындарды ақпараттандырып отыру мақсатында баспасөз конференциялары өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбаттар беріліп тұрды. Қажет болған жағдайда жергілікті жерге далалық сапарлар жасалынып, шекаралық аймақтың аэро және космостық фототүсірілімдері жүргізілді.

Қырғызстан

Қазақстан-қырғызстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау бойынша келіссөздер 1999 ж. қарашасынан 2001 ж. желтоқсанына дейінгі аралықта жүргізіліп, 2001 жылдың 15 желтоқсаны күні Астана қаласында мемлекет басшыларының Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы арасындағы қазақстан-қырғызстан мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қоюмен аяқталды Екіжақты келіссөздер сындарлы және іскерлік жағдайында жүргізіліп, өзара құрмет пен теңқұқылық принциптеріне негізіделді.

Аталынған келісім 2008 ж. 5 тамызында күшіне енді.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау және шекаралық белгілерді орнатуға қатысты келіссөздерді бастап кетті.

Өзбекстан

Қазақстан-өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау үрдісі 2000–2002 жж. аралығында жүрді.

Қиындық тудыратын телімдерді анықтау және оларды шешуге қатысты тараптардың ұсыныстары өзара құрмет және тең құқылық жағдайында жергілікті тұрғындардың мүдделерін есепке ала отырып шешімін тапты.

Қазақстан-өзбекстан шекарасын делимитациялау үрдісін екі кезеңге бөлуге болады.

Бірінші. Мемлекет басшылары тарапынан 2001 ж. 16 қарашасында Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қазақстан-өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы келісімді дайындау, ол бойынша жалпы шекара ұзындығының 96% сызық өтуі анықталды.

Екінші. Екі ел Президенттері 2002 ж. 9 қыркүйегінде Астанада қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қазақстан-өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы келісімді дайындау, ол бойынша шекара сызығын анықтау толығымен аяқталды.

Қазақстан-өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы екі келісім де 2003 ж. 5 қыркүйегінде күшіне енді.

Қазақстан-өзбек мемлекеттік шекарасын демаркациялау үрдісі 2003 ж. басталса, нақты далалық жұмыстар 2004 ж. 1 сәуірінен басталды.

Шекаралық қадаларды орнату бойынша демаркациялық далалық жұмыстар қазақстандық тарап жағынан аяқталуға жақын. Шекаралық белгіні Қазақстан, Түркменстан және Өзбекстан мемлекеттік шекаралары түйіскен аймаққа орнату жұмыстары ғана қалып тұр.

Аймақтардағы шекаралық сызықтарды белгілеу 1620 шекаралық белгі арқылы жүзеге асырылған, оның 837 қазақстандық тараптан, ал 783 өзбекстандық тараптан орнатылды.

Қазіргі таңда тараптар мемлекеттік шекараны демаркациялау бойынша қорытынды құжаттарды дайындау жұмыстарын жүргізуде.

Түркменстан

Қазақстан Республикасы мен Түркменстан Республикасы арасындағы қазақстан-түркменстан мемлекеттік шекарасы туралы келісімге мемлекет басшылары 2001 ж. 5 шілдесінде Астанада қол қойды.

Қазақстан-түркменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау 2000–2001 жж. сындарлы және іскерлік жағдайында өтті. Тараптар 1972 ж. Қазақ КСР мен Түркмен КСР арасында келісілген шекара сызығын түзетуге қатысты ұсыныстар айтпады.

Ортақ шекараны демаркациялау бойынша жұмыстар 2003 ж. басталды. Ал шекаралық белгілерді орнату жұмыстарын тараптар 2005 ж. қолға алды.

Тараптар қазақстан-түркмен мемлекеттік шекарасындағы шекаралық қадаларды орнату бойынша демаркациялық далалық жұмыстар аяқталған. Тек шекаралық белгіні Қазақстан, Түркменстан және Өзбекстан мемлекеттік шекаралары түйіскен аймаққа орнату жұмыстары ғана қалып тұр.

Шекаралық сызықтарды белгілеуе 278 шекаралық белгі пайдаланылды, оның 134 қазақстандық тараптан, ал 144 түркіменстандық тараптан орнатылды.

Қазіргі таңда тараптар мемлекеттік шекараны демаркациялау бойынша қорытынды құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізуде.

Ресей Федерациясы

Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялау бойынша келіссөздер 1999 ж. қыркүйегінен 2005 ж. қаңтары аралығында жүрді.

2005 ж. 18 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары барысында Мәскеу қаласында мемлекет басшыларының тарапынан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қою арқылы Қазақстан өзінің құрлықтағы шекарасын бар периметрі бойынша заңды рәсімдеу үрдісін аяқтады. Келісім 2006 ж. 12 қаңтарында күшіне енді.

Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасын демаркациялау бойынша бірлескен комиссия өз жұмысын 2007 ж. шілдесінде бастады.

2009 ж. мамырында тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы шекаралық белгілерді орнату жұмыстарын қолға алды.

Қазақстанның мемлекеттік шекарасында іргелес мемлекеттердің шекараларымен түйісетін төрт нүктесі бар. Соған қатысты үшжақты форматта келісіліп, күшіне енген құжаттар:

1. 1999 жылдың 5 мамырындағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйіскен нүктесін анықтау туралы келісім;

2. 1999 жылдың 25 тамызындағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйіскен нүктесін анықтау туралы келісім;

3. 2001 жылдың 15 маусымынағы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйіскен нүктесі туралы келісім.

Қазақстан Республикасы, Түркмен Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйіскен нүктесі аймағы туралы келісімге қол қою жоспарланған.

Мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы шамамен 13 200 шақырымды құрайды (Каспий теңізіндегі шекараны қоспағанда), оның ішінде:

-  Қытай Халық Республикасымен – шамамен 1 782,75 шақырым;

-  Қырғыз Республикасымен – шамамен 1 241,58 шақырым;

- Өзбекстан Республикасымен – шамамен 2 351 шақырым;

- Түркменстанмен – шамамен 426,08 шақырым;

- Ресей Федерациясымен – шамамен 7 591 шақырым.

Айдарлар
Яндекс.Метрика