Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

АЗИЯДАҒЫ ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСТІК ЖӘНЕ СЕНІМ ШАРАЛАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС

АӨСШК – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1992 ж 5 қазанында құрылған. Азиядағы қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша   консенсустық   диалог,   кеңестер, шешімдер мен шаралар қолдануға арналған мемлекетаралық форум. 2007 ж. бері БҰҰ БА жанында бақылаушы дәрежесіне ие.

Негізгі мақсаты мен қызметінің бағыты: Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көпжақты ұстанымдарды қалыптастырып, ынтымақтастықты нығайту.

Мүше-мемлекеттері: Әзірбайжан, Ауғанстан, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Израиль, Үндістан, Иордания, Ирак, Иран, Қазақстан, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Монғолия, Пәкістан, Палестина, Корея Республикасы, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Бірікке Араб Эмираттары және Өзбекстан.

Бақылаушылар: Бангладеш, Индонезия, Катар, Малайзия, АҚШ, Украина, Филиппины, Жапония, БҰҰ, ЕҚЫҰ, АЕЛ.

Іс басындағы төрағасы: Түрік Республикасы (2010–2014 жж. маусымы).

АӨСШК құрылымы мен институттары: - директивалық органдар: 1) Мемлекет және үкімет басшыларының кеңесі (Саммит – жоғарғы орган, 4 жылда бір отырыс жасайды); 2) Сыртқы істер министрлерінің кеңесі (СІМК – Рәсім ережесі бойынша әр 2 жылда жиналатын орган); 3) Жоғарғы лауазымды тұлғалар комитеті (ЖЛТК) – жылына кемінде 1 рет отырыс өкізетін құрылым);

-   жұмыс органдары: 1) Арнайы жұмыс топтары (АЖТ); 2) Сарапшылардың арнайыландырылған кездесулері (САК);

-   атқарушы орган: Алматы қаласында орналасқан Халықаралық хатшылық, 2006 жылдан бері жұмыс істейді.

АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры – Елші Ч. Алдемир (Түркия), оның орынбасары – К.Тумыш (Қазақстан).

Ресми тілі: ағылшын. Жұмыс тілдері: ағылшын және орыс.

Бас кездесулер: I СІМК (1999), Бірінші саммит (2002), II СІМК (2004), Екінші саммит (2006), III СІМК (2008), Үшінші саммит (2010).

Құрылтайлық құжаттар: АӨСШК мүше-елдерінің қатынастарын реттейтін принциптер декларациясы (1999 жылы АӨСШК Сыртқы істер министрлері тарапына қол қойылған) және Алматы актісі (2002 жылы АӨСШК мемлекет және үкімет басшыларымен бекітілген).

Негізгі құжаттар: Сенім шаралары тізбесі, Рәсімдер ережесі (2004 жылы қабылданған), АӨСШК Хатшылығы туралы келісім және оның қосымшасы – Қаржылық ереже (2006 ж. қол қойылып, 2007 ж. ақпанда Қазақстанда ратификацияланған), АӨСШК рәміздері туралы ереже, Сенім шараларын жүзеге асырудың кооперативтік әдісі, АӨСШК сыртқы байланыстары туралы ереже (2007 ж. қабылданған), Хатшылықтың ҚР территориясында болуы шарттары туралы келісім (2007 ж. қол қойылып, 2008 ж. наурызында Қазақстан тарапынан заңдастырылған), АӨСШК Хатшылығы туралы келісімге қосымшалар енгізу туралы хаттама (2008 ж. қол қойылған).

Саяси декларациялар: Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы байланысқа септесу (2002 ж.), Сыртқы істер министрлерінің II жиналысының декларациясы (2004 ж.), Мемлекет және үкімет басшыларының екінші саммитінің декларациясы (2006 ж.), Сыртқы істер министрлерінің III жиналысының декларациясы (2008 ж.), Мемлекет немесе үкімет басшыларының үшінші саммитінің декларациясы (2010 ж.).

Қалыптасу тарихы

АӨСШК құру туралы бастаманы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев алғаш рет БҰҰ Бас ассамблеясының 1992 ж. 5 қазанындағы 47-ші сессиясында жария етті.

Бұл бастаманың негізгі қозғаушы күші аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді және қолданбалы құрылым құруға деген талпыныс жатты.

Әлемнің басқа аймақтарымен салыстырғанда ол кезеңде Азияда бұндай құрылым жоқ болатын, ал бұған дейінгі құруға деген талпыныстар нәтиже әкелмеген болатын.

АӨСШК құру идеясы бастапқы кезден-ақ континентте саяси жағдайды белгілейтін азиялық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар (БҰҰ, ЕҚЫҰ, АЕЛ) тарапынан қолдауға ие болды.

Бастаманы жүзеге асыру барысында   1993–1994 жж. азия елдерінің СІМ сарапшыларының үш кездесуі болып өтті. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша негізгі міндеті Кеңестің құжаттарын дайындаумен айналысатын Арнайы Жұмыс тобын (АЖТ) туралы шешім қабылданды.

1999 ж. 14 қыркүйегінде Сыртқы істер министрлерінің I кездесуі өтіп, шара барысында қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың азиялық жүйесін қалыптастыруға қажетті заңдық негіздің алғашқы нұсқасы – Кеңеске мүше-мемлекеттердің өзара байланыстарын реттейтін декларацияға қол қойылды.

2002 ж. 4 маусымында форумның бірінші саммиті өтті, оған: Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, және Ауғанстанның мемлекет басшылары, Әзірбайжан мен Үндістанның премьер-министрлері, Иранның, Египеттің, Палестина мен Израильдің өкілетті ресми өкілдері және бақылаушы мемлекеттер мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кеңестің мемлекет және үкімет басшыларының саммиті барысында АӨСШК оның қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында қажетті құрылымдар мен институттар беру туралы шешім қабылданып, сыртқы істер министрлеріне форумнің тұрақты кездесулеріне, саяси кеңстерін және басқа да қызметтеріне әкімшілік қолдауды қамтамасыз ету мақсатында АӨСШК Хатшылығын құрудың барлық аспектілері бойынша жұмыстар жүргізу туралы тапсырма берілді.

Қорытындысы бойынша Алматы актісіне қол қойылып, Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы байланысқа септесу туралы декларация қабылданды.

2004 ж. 22 қазанында Сыртқы істер министрлерінің II кездесуі өтіп, нәтижесінде Сенім шаралары тізбесі, Рәсімдер ережесі мен АӨСШК Министрлерінің екінші кездесуінің декларациясы қабылданды.

2006 ж. 17 маусымында Форумның екінші саммиті өтіп, шара барысында жалпылама саяси құжат – II Саммит декларациясы қабылданды, сонымен қатар Кеңестің нақты құрылымдары туралы негізгі құжат – АӨСШК Хатшылығы туралы келісімге қол қойылды.

Осы күні жарғылық құжатқа қол қойылу арқылы Алматы қаласында АӨШСК Хатшылығы ашылды.

2008 ж. 25 тамызында Алматыда өткен Кеңестің Сыртқы істер министрлерінің 3-ші кездесуінде 19 мүше-мемлекеттің, 7 бақылаушы-елдің және 6 халықаралық-ай-мақтық ұйымдардың делегациялары қатысты. Кездесудегі бар назар Кооперативтік әдістің нақты жүзеге асырылуы мәселелеріне аударылды.

2010 ж. 8 маусымында Ыстамбұл қаласында АӨСШК мүше-елдерінің мемлекет және үкімет басшыларының 3-ші Саммиті өтті.

Алғашқы рет саммит Қазақстаннан тыс аймақта өтті. Жоғарғы деңгейдегі осы кездесу барысында Кеңес тарихындағы алғашқы рет төрағалықты Қазақстаннан Түрік Республикасына беру рәсімі жүрді.

Саммитке 9 мемлекет және үкімет басшысы, 6 вице-президент, парламент спикері мен вице-премьерлер, 14 министр мен арнайы өкіл қатысты. Халықаралық ұйымдардың 16 өкілі қатысты.

Кездесудің негізгі ерекшеліктерінің бірі ЕҚЫҰ әрекеттегі төрағасы Қазақстанның қатысуы еді. Еуропалық ұйымның бастамасымен 2010 ж. 7 маусымында Ыстамбұлда арнайы «XXI ғасырдағы Еуразия кеңістігіндегі экономика және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық» шарасы өткізілді. Оған ЕҚЫҰ-ның сыртқы саяси ведомстволарының жетекшілері, ЕҚЫҰ Азиялық серіктес мемлекеттер тобының және АӨСШК мүше-елдерінің өкілдері келді. 

Саммиттің нәтижесі ретінде Хатшылықтың, оның қызметкерлері мен АӨСШК мемлекеттері өкілдерінің өкілеттері мен иммунитеттері туралы конвенцияға қол қою болды, осы арқылы Кеңесті институттаудың нақты аяқталу орын алды.

2012 ж. 5 қазанында Президент Н.Ә. Назарбаевтың АӨСШК құру туралы бастамасын көтергендігіне 20 жыл толды.

2012 ж. 12 қыркүйегінде Астана қаласында Президент Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Кеңестің мерейтойлық сессиясы мен АӨСШК СІМК 4 отырысы өтті.

Айдарлар
Яндекс.Метрика