Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

ЭТНОСАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІСІ

Мемлекеттік саясат пен қоғамдық қатынастардың қалыптасқан жүйесінің негізінде әртүрлі этностар арасында ауызбіршілікті қатынас орнап, олардың өзара төзімділікте өмір сүруі және әр түрлі діндер арасында сұхбаттың болуы қамтамасыз етіледі.

Қазақстанның құрамы көпэтносты әрі көпконфессиялы болуына байланысты тәуелсіздік алған тұста сарапшылар Қазақстанды қақтығыстық (конфликт) қаупі жоғары аймаққа жатқызды.

Елде қазақтардың мемлекет қалыптастырушы ұлт ретіндегі құқығын қайта қалпына келтіру қажет еді. Сонымен бірге, ең нәзік қоғамдық құрылым діни үдерістерді басқару құралын меңгеру қажет болды. Осы мәселелердің бәрін Елбасымызға шешу қажет болды. Ол көп жағдайда әдеттен тыс, шығармашыл тұрғыдан және батыл шешімдер жасап отырды.

Нәтижесінде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерік-жігерінің арқасында этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты, оның басты белгілері мыналар еді:

Біріншіден, ел жетекшілігінің саяси еркінің болуы, соның нәтижесінде этностық және діни тиесіліктеріне қарамастан азаматтық тең құқылықты жүзеге асырудың әрекетшіл тетіктері қалыптасты және ол жүйелі түрде жетілдірілу үстінде.

Екіншіден, қазақстандық үлгі азаматтық бастама, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті сұхбаты негізінде «төменнен» қалыптасты және ол елдің қоғамдық-саяси жүйесіне етене кірігіп кетті.

Үшіншіден, Қазақстанның өзгеше ерек-шелігі этностық топтардың азаматтық-құқықтық тұрғыдан да, қоғамдық тұрғыдан да деңгейі мейлінше биік мәртебесімен сипатталады. Біздің қоғамда азаматтың кез келген этносқа, оның дәстүрлеріне, тілі мен мәдениетіне мызғымас құрмет пен сенім иеленеді.

Төртіншіден, қазақстандық этностардың өкілеттілігі мен мүдделерінің саяси іске асырылуы жоғары мемлекеттік деңгейде жүргізіледі. Ассамблеяның төрағасы елдің Президенті болып табылады, ал ол Конституцияның кепілі болғандықтан мейлінше жоғары мәртебелі екендігін аңғартады.

Ассамблеяның жоғарғы органы – жыл сайынғы сессияның шешімдерін барлық мемлекеттік органдар қарастыруға міндетті.

Бесіншіден, этностық топтардың ел Парламентіндегі тікелей кепілді өкілеттілігі Ассамблеядан Мәжіліске 9 депутат сайлаумен қамтамасыз етіледі.

Алтыншыдан, қазақстандық үлгінің астарында «Алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген шоғырландырушы ұстын жатыр. Этностардың тілді, дәстүрлер мен мәдениетті дамытуға деген ұмтылысын мемлекет барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп, қолдайды.

Жетіншіден, Қазақстанның мызғымас ұстанымы – бұл этностық мәселелерді саяси мақсатта пайдалануға жол бермеумен сипатталады.

Қазақстанның этносаралық қатынастар саласындағы саясаты үшін этностық азшылықтардың құқығын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық стандарттар ауқымындағы жалпы мойындалған нормалар тән болып келеді.

Мемлекеттің этносаясатын күшейтудегі келесі бір қадам 2008 жылы қабылданған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы болды, онда қазақстандық қоғамды одан ары топтастырудың маңызды негізгі мақсаттары мен көпэтносты қоғам интеграциясының жаңа деңгейі – ұлттық бірлікке жету міндеті қойылды. Оның қағидалары Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясына, орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2011–2015 жж. арналған стратегиялық жоспарларына енгізілген.

Доктринада Конституцияның қағидалары бейнеленген. Сонымен бірге ол этносаралық қатынастар саласында бірқатар шығармашыл жаңалықтарды да қамтиды. Ұлттық бірлікті қамтамасыз етудің біршама экономикалық және әлеуметтік алғышарттары белгіленген. Доктрина елдің үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуының мақсатміндеттеріне толығымен жауап береді.

Көпэтносты қоғамдардың интеграциясы мен этностық азшылықтардың құқығын қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесіне Доктрина өзіндік үлес қосты. Атап айтар болсақ, ол этностық азшылықтардың құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы ЕҚЫҰ интеграцияланған стандарттарына негізделіп қана қоймай, халықаралық ұсыныстар мен стандарттар жекелеген заңдар деңгейінде жүзеге асып қоймай, ел дамуының стратегиялық басымдылықтарының бірі ретінде де анықталған.

Тұтастай алғанда, этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізудің нәтижесінде этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің тиімді саяси-құқықтық, институционалды-басқарушылық үлгісі қалыптасты.

Бұл үлгіде қазақтар мәдени-тарихи өркениеттік өзек ретінде көрінеді, ал оның негізінде біріктіруші бастаулардың қазақы менталдық-тарихи және мәдени-дәстүрлі іргетасы жатыр.

Осы жайында 2013 ж. сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында нақты айтылды. «Ақиқат қарапайым: қазақтардың өзінің белсенді қатысуынсыз Қазақстанда ешқандай ұзақ уақытқа созылатын қоғамдық келісім мүмкін емес. Бұл – әрқашан да біздің ата-бабамыздың иелігінде болған жер. Бұл – біздің ұрпағымыз еншілейтін жер. Сондықтан біз еліміздегі ауызбіршілік үшін тікелей жауапкершілік атқарамыз. Төзімділік Қазақстан халқының ұлттық құндылығы мен халық жетістігі болып табылады. Бұл көп ғасырлы дәстүр мен қазақ халқының мәдени нормалары негізінде қалыптасты. «Ел-Жұрт», «Жеті ата», «қонақжайлық», «асар», «сыйластық», «сабырлылық» - бұл ұғымдар қазақ халқының дүниетанымы мен өмірқамына негізделген».

Тәуелсіздік кезінде қазақ ұлты жоғары деңгейлі қалалық ұлтқа айналды және бүгінгі күні тұрғындардың 65%-ын құрайды. Барлығы елде 140-тан астам этностар мен халықтар өмір сүреді. Олар 1995 ж. құрылған және 2007 ж. конституциялық орган дәрежесін алған Қазақстан халқы Ассамблеясының ауқымында біріккен.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі маңыздылығы мен мойындалуы өсті. Елде үш тағанды тіл идеологиясы іске асуда. Ол бойынша негізгі тіл ретінде қазақ тілі қолданылады және орыс тілі мен ағылшын тілінің мәртебесі жоғары бағаланады. 2010 ж. Тілдерді дамыту жайлы мемлекеттік бағдарлама қабылданды.

Осылайша, қазақ тілі бойынша келісімге келу қазақстандық қоғамдық келісімнің негізгі бөлігі болып табылады. Кезінде осы секілді тұрақты принциптер қайта қарастырылмақшы болғанда ұлттық патриоттар тарапынан бұл қарсылыққа ұшыраған болатын.

2012 ж. 5 қыркүйегінде Назарбаев Университетіндегі дәрісінде және кейінірек, сол жылдың қараша айында Жас Отанның ІІ съезіндегі сөзінде Президент маңызды ой айтты. 20 жылдан астам тарихымызда бірге алға жылжи отырып, біз бәрімізге ортақ тағдыр жасадық. Қазақстандықтардың этностық түптамыры әр түрлі болғанына қарамастан, оларды біріктіретін бір азаматтық ортақтық бар. Қазақ мақалында айтылатын сияқты: «Жақсы дос – жаман туысыңнан артық».

Соңғы кезеңде Қазақстан діни жаңғыруды бастан өткізуде. Еліміз атеистік елден қоғамның басым бөлігі өзін сенушілер қатарына жатқызатын елге айналды.

2006 ж. Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының ІІ съезінде Президент Н.Ә. Назарбаев әлемдік конфессияаралық татулықтың негізгі 5 қағидасын атап өтті.

Біріншіден, бұл арұят пен діни еркіндіктің заңнамалық және институционалдық тұрғыда қамтамасыз етілуі.

Конституция негізінде діни немесе басқа да  әлеуметтік  белгілер  бойынша  кемсітуге тиым салынады. Еліміз осы саладағы БҰҰ-ның іргелі пактісіне және де адам құқығы бойынша 40 халықаралық келісімге қосылды.

Екіншіден, біз мемлекетіміздегі кофессиялардың өз қызметтерін іске асыруға тең және жағымды жағдайлар жасау жауапкершілігін басшылыққа аламыз.

2011 ж. біздің елімізде Дін істері агенттігі құрылды. Дәл сол жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заң қабылданды, соның талабына сәйкес діни ұйымдарды қайта тіркеу жүзеге асты. Аталмыш Заңды қабылдар алдында елде 46 конфессия мен деноминацияларды білдіретін 4551 діни қауымдастық бар болатын. Қайта тіркеу нәтижесінде қазіргі кезде елдің діни өрісінде он жеті конфессияны білдіретін 3100-ден аса діни бірлестіктер мен олардың филиалдары бар.

Қазақстанның этно-демографиялық құрамына байланысты, елімізді ислам әлемі елдерінің қатарына жатқызады. Өйткені халықтың 70 пайызы мұсылман дінін ұстанады. Алайда ислам дінінің басымдық етуі басқа діндердің іс-әрекетіне ешқандай кедергі келтірмейді.

Мұсылмандық емес конфессиялардың діни ұйымдарының артуын атап өту қажет. Тәуелсіздік жылдары православтық приходтардың саны 4 есеге, католиктік шіркеулер 2 есеге өсті. Бес жүзден аса протестанттық және дәстүрлі емес діни бірлестіктер жұмыс атқаруда, елде сондай-ақ 5 иудейлік және 2 буддистік қауымдастықтар қызмет атқарады.

Үшіншіден, Қазақстандағы конфессия-аралық диалогқа жағдай жасау маңызды бағыт болып табылады.

Біз әрқашан конфессиялар арасында толыққанды сұхбат орнықтыруға тырысамыз. Олардың еліміздегі қоғамдық және мәдени өміріне бірлескен түрде ат салысуын қолдай отырып, әр түрлі қоғамдық бастамалардың орын алуына жағдай жасаймыз. Бұл өз жемісін беруде.

2006 ж. бастап елде маңызды ислам және христиан мерекелері демалыс күндері болып жарияланды.

Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің төрт рет өткізілуі кездейсоқ емес. 2008 жылдың қазан айында Астанада «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы прогреске» атты ислам елдерінің Сыртқы істер министрлерінің форумы, 2010 ж. ЕҚЫҰ саммиті, 2011 ж. Ислам ынтымақтастық ұйымы елдерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі болып өтті.

Бұл саладағы мемлекеттік саясаттың төртінші ұстыны діни экстремизмнің қатаң қадағалануы.

Алдын алу шаралары ретінде, ұлтаралық және конфессияаралық өшпенділікті туғызатын және адамдар арасындағы табиғи айырмашылықтарды баса назарға алып, осы айырмашылықты саяси қарсылық деңгейіне дейін көтеретін діни, этностық және басқа негіздегі саяси партияларды құруға тиым салынды.

Діни экстермизмге қарсы ішкі саясат пен қауіпсіздік саласында өңірлермен бірлесіп жұмыс істеу саясаты бағытталған.

Бесінші ұстын. Ол бойынша Қазақстан конфессиялардың өз діни орталықтарымен еркін қарым-қатынасын қамтамасыз ету үшін жағдай жасауды маңызды санайды. Жалпы алғанда әлемдік діндердің белсенді түрде ынтымақтасып жұмыс істеуін қолдайды.

2001 ж. елімізге Рим папасы ІІ Иоанн Павел, 1995, 2010 және 2012 жж. Мәскеу мен бүкіл Русь патриархы келді.

Қазақстан дінаралық татулық пен келісімнің үлгісі ретінде мойындалған.

Біз ұлттық құндылықтарымызды үлкен ұқыптылықпен сақтаймыз. Көп дінді алуан түрлілікті күрт жылдамдықпен өзгеріске ұшырап жатқан қазіргі әлемде бәсекелестікке қабілетті болудың негізгі мәні ретінде және де сарқылмас байлық пен күштің көзі ретінде көреміз.

Діни ахуалдың мониторингі көрсетіп отырғандай, қазақстандықтардың көпшілік бөлігі өздерін дінмен бірегейлендіретін орнықтылығын сақтап келеді. Әлеуметтанулық зерттеулердің мәліметіне сәйкес, өздерін дінге сенушіге жатқызушы респонденттердің үлестік салмағы 2012 ж. соңында 77,6%-ды құрады. Сонымен бір мезгілде бұл сауалнаманы одан ары жіктей түскенде, діни жоралғыларды атқармайтын сенушілер 56,5% болды.

Тұрғындар қалыптасқан дінаралық сұхбат пен келісім тәжірибесін қолдайды. Ол бойынша басым түрде зайырлы қатынас түрі қабылданып, дәстүрлі діндерді жеңіл түрде тәжірибеде қолдану қамтамасыз етіледі. Дәстүрлі діндерді тәжірибеде қолдану қоғамның демографиялық құрылымындағы сәйкес үлесіне орай орын алып отырады.

Қазақстан өзінің діни өмірді ұйымдастырудың үлгілік принциптерін шет елдерде де құрылымдық түрде іске асыруда.

2010 ж. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті, 2011 ж. Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етті. Төрағалық ету жылында Елбасы бастамасымен Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастық ұйымы болып атауы өзгертілді.

Айдарлар
Яндекс.Метрика