Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

ХАНАФИ МАЗХАБЫ

Ханафи мазхабы (арабша ханафийа – ханафийа жолы) – негізін Әбу Ханифа ан Ну’ман ибн Сабит аль-Куфи ал-имам ал-Азам (699-767 жж.) қалаған сүннеттік бағыттағы исламдық құқықтық ілім. Исламдағы сүннеттік бағыттағы малики, шафии және ханбали сияқты өзге де үш мазхабтармен қатар, этикалық-нормативтік, діни жазбаларды, отбасы-неке қатынастарын, әлеуметтік экономикалық мәселелерді талқылайтын фикхтағы бағыттардың бірі.

«Мазхаб» сөзі араб тілінен аударғанда «жол, бағыт, көзқарас» деген түсініктерді білдіреді. Шариатта болса, мазхаб деп Құран мен Суннетке негізделген арнайы әдістер мен қағидалардың көмегімен шығарылған шешімдер мен пікірлердің жиынтығын айтады. Мұсылман дәстүрі бойынша Әбу Ханифа Мұхаммед пайғамбардың сахабаларынан ислами руханилықты мұра етушілердің бірі саналады. Өз заманының ең ғұлама, ислами теологтарының бірі Әбу Ханифа діни-құқықтық жүйені қалыптастырған еді. Ислами құқықтану, теология, ислами заңнамалар негізі оның басты «әл Фикх уль-Акбар» атты еңбегінде баяндалған.

Әбу Ханифа мұсылман үмбетінің құқықтық, ғылыми, саяси және өмірде кездесетін қиыншылықтарын шешуге бағытталған, кейіннен ханафи мазхабы аталып кеткен өзінің әйгілі әдісін ойлап тапты. Әбу Ханифа әдісі ислам құқықтануындағы маңызды саналатын жеті қайнаркөзге негізделеді:

Құран – ислам заңдылықтарының негізгі және басты қайнаркөзі болып табылады.

Сүннет – Мұхаммед пайғамбардың өмірлік және рухани жолының тарихы. Ол мұсылмандардың өнегелі өмірі мен маңызды құқықтық және заңды үкімдерді қабылдауына үлгі болып табылатын хадистерден тұрады.

Ижма сахаба – Мұхаммед пайғамбардың сахабаларының келісілген ойлары, пікірлері, консенсусы (келісімі).

«Мәдиненің жеті факихы» атты мужтахидтер өкілінің ижмасына (абсолюттік келісім ретіндегі) қарағанда, «сахабалар ижмасы» Мұхаммед пайғамбардың сахабалары арқылы жеткен сенімді хадистерге ғана басымдық береді.

Бір ортақ мәмілеге келмеген жағдайда Пайғамбарымыздың сахабаларының терең жеке ойлары негізге алынды. Ең лайығы негізге алынады. Бұл қайнаркөз «асхаб ар-райдан»(тәуелсіз талқының жақтастары) бастау алады.

Кийас (өлшеу) – аналогия әдісі.

Истихсан – дұрысырақ деп қабылданған шешім. Құранның «Алла сіздерге қиындықтарды емес, жеңілдіктерді тілейді…» (2:185) деген аятына сәйкес дұрыс әрі әділ шешім қабылдауда қолданылады.

Ғұрып немесе әдет (ада) – исламға дейінгі құндылықтар парадигмасы аясындағы құқықтық тәжірбиелер салты, дәстүрі.

Ханафи мазхабы Түркия, Мысыр, Ресей және Орталық Азия жұртына кеңінен тараған барлық сүннетік мазхабтардың ішіндегі бірегейі.

Сонымен қатар, ханафи мазхабы фанатизмге жол бермейтін исламның бірыңғай бағыты саналады. Елімізде Исламның дәл осы үлгісі қабылданған. Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап өткендей: «Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазхабына қарама-қайшы»

Ханафи мазхабы суннизмдегі 4 мектептің бірі, одан өзге малики, шафии, ханбали мазхабтары да бар. Аталған төрт мектеп бірін-бірі мойындайды және әр мұсылманның осы мектептердің ішінен керегін таңдау құқығы да бар.

Сүнниттер, яғни, мұсылмандар, «сүннет» жолымен жүреді, ал бұл сахабалары арқылы жеткен Мұхаммед пайғамбардың өмірінен алынған іс-әрекеттерді негізге алатын заңдар мен ережелер жиынтығы. Сүннизм – исламның басты бағыты.

«Сунна» мұсылмандардың басты қасиетті кітабы Құранды түсіндіріп әрі толықтырып отырады. Сондықтан, исламның дәстүрлі ұстанушылары «сунна» жолымен жүруді нағыз мұсылманның басты парызы деп есептейді.

Ханафи мазхабы жергілікті наным-сенімдер мен ғұрыптарға, дәстүрлі ұлттық мәдениетке төзімділігімен ерекшеленеді.

Қазақстандағы ислам мыңжылдық бойына жергілікті ғұрыптардың, дінге төзімділік пен жоғары толеранттылықтың ықпалымен орнықты. Ислам біздің елімізде қашанда басқа діндермен бейбіт қатар өмір сүрді.

Қазақстан территориясына ханафилік мазхабтағы исламның таралуына оның ептілік, жергілікті жағдайларға тез бейімделу қабілеті, шариаттың қатаң қағидаларын күнделікті адам мұқтаждықтарына қарай жұмсарта білу сияқты қасиеттері көп жағдай жасады.

Айдарлар
Яндекс.Метрика