Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

ҰЛТТЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОДЫ

Біртұтас қоғамдық-территориялық бүтін-дікті түзетін белгілі бір этностық топ немесе топтардың өкілдері арасында әлеуметтік, тарихи   және   биологиялық   байланыстарды қоса алғандағы өзара байланыстардың ерекше түрінің сипаттамасын білдіреді.

Ұлттың генетикалық коды этнос ішіндегі биологиялық өзара байланыс ұғымынан кең түсіндіріледі. Бұл түсінік жеті аталық шежіре ұғымынан да асып түседі.

Еуразиялық кеңістікте терең генетикалық өзара байланыстар болғаны кәміл мүмкін, өйткені Еуразия – бұл көшпенділердің тарихи алаңы, олар мұнда көптеген ғасырлар бойы мейлінше белсенді түрде көшіп қонып отырған. Алайда, кейбір ғалымдар мен зерттеушілердің пікірінше, бүгінгі күні осы алуан түрлі өзара байланыстар туралы білім жоғалып кеткен.

Генетикалық кодты мәдениет тұрғысынан да қарастырады. Мәдени код деген де анықтама бар. Мәдени код – мәдениеттің осы берілген типін түсінудің кілті: бұл халыққа ата-бабадан қалған қайталанбас мәдени өзгешеліктер, бұл мәдениетке тиесілікті анықтауға мүмкіндік беретін қандай да формада жасырынған ақпарат.

«Қазақ мифологиясы» атты белгілі еңбектің авторы С. Қондыбай атап өткендей, қазақ  менталитетінің  мәнін   мифологиялық қабаттармен жұмыс істемей, дұрыс түсіну мүмкін емес. Қазақтың мифтік шығармашылығы ежелгі түркі кезеңінің ғасырлар қойнауына терең бойлаған.

Профессор М.Б. Қасымбековтің «Бірінші» атты жұмысында Тұңғыш Президенттің сұхбатынан үзінді келтіріледі, онда қазақ ділі үшін өзгеше мифологиялық формалардың маңыздылығы ашылады: «біздің халық наным-сенімдер мен ырымдарға сенеді. Мысалы, баланың атын қойғанда, дәстүрге сай, бұған магиялық мағына береді. Айта кетсек, қазақ есімдерінің көпшілігі «бай», «бек» немесе «құл» деп аяқталады. Кейде бейкүнә нәрсеге әдейі сүйкімсіз және кемсітуші аттарды да қойып жатады... Бұл әсіресе бұрыңғы балалары тұрақтамай, шетіней берген отбасыларында жиі орын алады. Жаңа туған сәбиге осылай «жаман» ат қою Құдайдың қаһарына ілікпей, соның әсерінен аман қалады деген ырымнан болады. Қашанда біздің халқымыз данышпан болған, сонымен қатар бала тәрізді шынайы әрі кең пейілді болды: әрқашан ақша немесе мал-мүлікпен баюды емес, ағайын-туыстың, дос-жаранның көптігімен баюға ұмтылды.

Ұлттың генетикалық коды – бұл ұлттық рәмізді де білдіреді, Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінде дәл соның өлшемдері шоғырландырылған.

Мемлекеттік ту. Мемлекеттік тудың басты элементі оның ашық көк түсі болып табылады. Бұл аспан мен судың, тазалықтың түсі.

Мемлекеттік тудың бір түстілігі елдің тұтастығы мен халықтың мәдени-этностық бірлігін бейнелейді. Геральдика заңы бойынша туда бейнеленген күннің кескіні байлық пен молшылықтың рәмізі болып саналады. Қанатын самғаған қыран еркіндіктің, тәуелсіздіктің, мақсатқа, биікке ұмтылыстың, келешекке самғаудың рәмізі болып табылады.

Мемлекеттік елтаңба да бейнеге бай. Оның негізін өмір бойы көшіп-қонумен өтетін көшпендінің тұрағы, оның үйі – киіз үйдің негізгі элементтерін құрайды. Киіз үй – жолаушының мекені, ошақ басы. Елтаңбада шаңырақ, уық, кереге өз бейнелерін тапқан. Елтаңбадаға ерекше орын қанатты тұлпар – пыраққа тиесілі. Елтаңбадағы бесбұрыш – барлық бес құрылыққа бет бұрудың рәмізі. Елтаңба құрылымындағы алтын тәрізді және көгілдір түс байлық пен үйлесімділік береді.

Мемлекеттік әнұран «Менің Қазақстаным» әнінің авторлары Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов. Музыкасының авторы Шәмші Қалдаяқов. Бұл ән мемлекеттің әнұранына айналмай тұрып-ақ, ел ішіне кеңінен таралған нағыз халықтық әнұран.

Айдарлар
Яндекс.Метрика