Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

МҰСЫЛМАНДЫҚ ҮМБЕТ

Мұсылмандық үмбет (арабша «уммат», уммат аль-муминин) – исламның рухани дәстүрімен өзара байланысқан адамдардың бірлескен қауымдастығы. Құранда «үмбет» термині бір емес, бірнеше мағынада кездеседі: Худ (11:8); Жүсіп (12:45) сүрелерінде уақыттың анықтамасы ретінде; Бақара сүресінде (2: 213) адамдар қауымдастығы мен бірлестіктері мағынасында (2:213); Жүніс (10: 47), Ан-Нахль (16:120) сүрелерінде (10:47) Пайғамбардың қауымы мәнінде, «Ан-Анбийа» сүресінде (21:92) дін мағынасында.

Әл-Имран сүресінде (3:110) «үмбет» «Мұхаммед қауымдастығы» ретінде анықталады: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар...» және де бұл сүреде этикалық құндылықты парадигманың, исламдық ниеттестіктің, мейірімділік пен бітімгерлікке қабілеттілік пен жауапкершілікті танытудың дамуында мұсылмандық үмбеттің маңызы мен рөлі ашылып, көрсетілген.

Шетелдік исламтану зерттеулерінде «үмбет» және «мұсылмандық үмбет» терминдері біртұтас мұсылмандық халқымен, көктен түскен Құран (әдетте «Әл-Фатиха» сүресін «Үмм әл-Кітап» деп атайды) бейнесінің формасы болып табылатын «Үмм әл-Кітап – Кітап анасы» түсініктеріндегі «умм» (ана) сөзімен және барлық мұсылмандардың ортақ туыстығы, ортақ бірлігі, бастауы ретіндегі «үмбет» ұғымымен байланысты болып келеді.

«Қауымды» білдіретін «үмбет» сөзі полисемантикалық және темпоральді сипатты иеленеді.   Тек қоныс аударуды ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі жаһилиялық нанымдардан онтологиялық    ажырауды   білдіретін   хижрадан   кейін   «үмбет» діншілдердің  қауымын,  бір  Аллаға  сенетін адамдардан құралатын «үмбет-әл-мумининді» білдіреді. Сол себептен «үмбет» сөзі «дін» түсінігінің синонимдік баламасы болып табылды.

Қазіргі таңда «мұсылмандық үмбет» қауымдастыққа қарағанда түсінігі кең «мұсылмандық әлем» ұғымын білдіреді. Мұсылмандық әлем полимәдениетті, алуан жүзді, алуан тілді, түрлі этностық және түрлі мәдениетті адамдар кеңістігін байланыстырған ортақ дінмен бірлескен.

Қазіргі уақытта мұсылмандық үмбет тез өсіп келе жатқан мемлекетаралық діни қауым болып табылады. Қазіргі кезде олардың саны 1,7 млрд адам. Ислам – бұл ұстанатын өкілдерінің саны жағынан хритиандықтан кейін әлемде екінші орын алатын кең таралған діни қауымдастық. Дегенмен, сарапшылар 2030 ж. дейін ислам әлемнің ең кең таралған діні болып, оған 2,2–2,5 млрд. адам құлшылық етеді деген тұжырым жасап отыр. Қазіргі күннің өзінде ислам ғаламшар тұрғындарының төрттен бір бөлігін құрайды. Байыппен бағалағанның өзінде алдағы жиырма жыл ішінде бұл көрсеткіш 27–30%-ға дейін жетеді.

Мұсылмандық үмбет ағымдарға бөлінген, олардың негізгілері болып сунниттер мен шииттер танылады. Олардың арақатынасы сәйкесінше 90 және 10% құрайды.

Күллі әлем мұсылмандарын қажылық мен умра дәстүрлері біріктіреді, өйткені бұл жағдайда мұсылмандардың нақты бір территориалды кеңістікте шоғырлануы жүреді. Кейбір деректер бойынша жыл сайын Меккеге баратын қажылардың саны 10–20% көрсеткішімен өсіп отырады. Ал 2013 ж. 6 млн. адамның келетіні болжамдалады.

Қазақстанда исламның тіркелген 2229 діни қауымы бар. Жалпы тұрғындардың 70% ислам жолын ұстанады, оның ішінде 90%-ы қазақтар. Барлық ресми мұсылман дін қауымдары Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының айналасына жиналған. ҚМДБ 1990 ж. құрылған. 2013 ж. бастап елдің бас мүфтиі Ержан Маемеров, мыңдаған жылдық тарихы бар әл-Азхар Египет университетінің түлегі.

Қазақстан ислам әлемінде ерекше құрмет пен беделге ие. Сауд Аравиясына барған сапарында Н.Ә. Назарбаев Қазақстан мен басқа ислам мемлекеттері арасындағы байланыстарды қалыптастыруда сіңірген еңбегі үшін мемлекеттің жоғары сыйы – Ұлы Бадра орденімен марапатталды. 2011 ж. маусым айындағы ИКҰ СІМК 38-ші сессиясында Қазақстан БҰҰ-нан кейінгі географиялық ауқымы бойынша екінші орындағы, халықаралық ірі ұйым – Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) жұмысына модератор қызметін қабылдады.

Айдарлар
Яндекс.Метрика