Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАҢА ҰРПАҚТАР

«Қазақстан-2050» стратегиясының» мақсатты тобы жастар болып табылады, йткені жаңа Жолдаудың басым бағдарлары жастарға арналған.

Қазақстанның жас мемлекет болуы оның маңызды басымдығы болып табылады. Әлеуметтік құрылымда жастардың үлесі оның үштен бір бөлігін құрайды.

Қазақстандық жастардың аға буынды ұрпақтардан ерекшеленетін өмірлік талаптары жоғары болып келеді. Оның көрінісі ретінде үш факторды атап өтуге болады.

Біріншісі – білім алуға ниеттілігі. Соңғы онжылдық ішінде жоғары білімі бар жастар саны үш есе, ал арнайы орта білімі барлар 2 есе өсті. Жоғары білімі бар ауыл жастарының саны 6 есе, ал қала жастарының саны 4 есе өсті. Жалпы, жоғары, толық емес жоғары және арнайы орта білімі бар жас қазақстандықтардың саны 40 пайызды құрайды.

Екіншісі – жастардың жиі қоныс аударуы. Жастар миграциялық үрдістің ең белсенді қатысушылары болып табылады. Бұл өз кезегінде жастарға әлеуметтік ортаның жаңа шарттарына тез бейімделуіне мүмкіндік береді.

2012 ж. жастар арасында жұмыссыздық деңгейі (4,6 пайыз) көп жылдардың ішінде бірінші рет жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен (5,4 пайыз) төмен болды. Қалалық аймақтарда жастардың жұмыссыздық деңгейі жоғары болып келеді. 2011 ж. ол қалаларда 5,6 пайызды құраған кезде, оның ауылды аймақтардағы көрсеткіші 3,8 пайыз шамасында болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жүргізіліп келе жатқан жастар саясаты қоғамның өмірінде тұрақтандырушы рөл ойнап, жастардың бетпе-бет келетін өмірлік бастапқы қиыншылықтарын жұмсартуға мүмкіндік беріп, жастардың әлеуметтенуіне жағдай жасады.

Үшіншісі – жастар қоғамдық өмірге белсене араласады.

Ақырғы онжылдықта мемлекеттегі жастар ұйымдарының саны 7 есе өсті. «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» (2008) Жастар қанаты мен Қазақстан жастары конгресі (2002) сияқты бұқаралық ұйымдарда жастардың бірлесу үрдісі жалғасып жатыр. 2005 ж. «Студенттер альянсы» студенттік жастардың қоғамдық бірлестігі құрылған болатын.

2011 жылдан бастап «Қазақстанның жас депутаттарының ассоциациясы», ал республиканың барлық аймақтарында жастар мәслихаттары қызмет етуде. 2011 ж. балалар мен жасөспірімдерді патриоттық сезімге тәрбиелейтін «Жас қыран» мен «Жас ұлан» сияқты жаңа ұйымдар пайда болды.

Қоғам арасында жағымды көзқарас қалыптастыратын жастар бағдарламалары мен бастамаларының бірқатары іске асырылып жатыр: «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастардың кадрлық қоры», «Мемлекеттік қызметтің мектебі», «Жастар – Отанға!».

Президенттік саясат қоғамды болашақ ұрпақтың ертеңін ойлауға дағдыландырады. Бұның нақты эмпирикалық көріністері Ұлттық қордың идеологиясы, «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде білім алу талаптарын ынталандыру және жалпы шетелдік білім алу, «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру болып табылады. «Мәдени мұра» бағдарламасын орындаудың нәтижелері талқыланған қоғамдық кеңестің отырысы барысында 2007 ж. 13 ақпаны күні Елбасы мынадай ой айтқан болатын: «Тарихи-мәдени мұраның қайта жаңғыртылуы – болашаққа нақты проекциясы бар уақыт байланысын жаңғырту болып табылады. Біздің өткеніміздің шынайы мазмұны жайында сұрақтар қоя отырып, біз қазіргі уақытымыздың түсінігін байытып, болашағымыздың рухтандыратын бейнелерін конструкциялай аламыз».

Демек, ұрпақтардың сабақтастығы, бір буыннан екінші буынға тәжірибенің берілуі – жастар саясаты саласының негізгі қажеттіліктері. Өмірлік маңыздылығы бар осы негізден тыс жастар саясаты бойынша ғылыми дискурстың қандай да бір жарқын болашағын елестету қиынға соғады.

Біз қарқынды дамып жатқан демографиялық циклдың куәсі болып отырмыз, яғни қазіргі жастар қоғамның белсенді, өзгермелі бөлігі ретінде қоғамның ынталығы мен амбициялығын нығайтады. Бұл әлеуметтік оптимизмді нығайтудың маңызды резервуары болып табылады.

Қазақстанда қолайлы демографиялық фактордың болу мүмкіндігінің ықтималдығы жөнінде танымал демограф М.Б. Тәтімов айтқан болатын. Ол 2000 ж. басталып, аз дегенде 2010 немесе 2015 жж. дейін, мүмкін 2020 ж. дейін де жалғасатын демографиялық жарылыстың үшінші толқынының пайда болуы жөнінде айтады. «Бірінші демографиялық толқын Ұлы отан соғысынан кейін басталып кетті... Мен оларды «Сталиннің балалары» деймін – ол аборттарға тыйым салып, баласыздардан салық алды, балалары бар отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Бұл толқын алпысыншы жылдардың басына дейін жалғасты, ал оның шарықтау шегі 1961–1962 жж. келді. Біздің мемлекетіміздегі екінші демографиялық толқын социализмнің өрлеу кезеңінде басталды. Қазақстанға байланысты мен оларды «Қонаевтың балалары» деп атаймын. Бұл демографиялық толқынның шарықтау шегі (1985–1987 жж.) оның мемлекет басшысы болған уақытына келді. Қазақстан үшін демографиялық «жарылыстың» үшінші толқыны 2000 ж. басталды. Оның шарықтау шегі 2010–2015 жж. болады деп болжамдалады. Бұл жаңа, егеменді кезеңнің балалары, мен оларды «Назарбаевтың балалары» деп атар едім. Бұл толқын неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым оның ХХІ ғасырдың «жаңғырығы» ретінде қайталануы ұзағырақ болады».

Демографиялық толқындармен қатар сана-сезім кодтары әр түрлі жастар топтары пайда бола бастады. Осы жылы жүргізілген реформалардың генераторлары, өндірушілері мен монтаждаушылары көбінесе орта буынды және аға буынды ұрпақ болғанымен, олардың еңбегінің жемісін жас ұрпақ көріп, осы жүйеде тұратын болады. «Екі жылдан кейін басқа мінезді және өзге дағдыдағы, қолжеткізген еркіндік емес, туа біткен еркіндіктің менталитетін иеленетін тәуелсіздіктің құрдастары кәмелетке жетеді. Олардан кейін 2018 ж. «дамыған Қазақстанның балалары» ержетеді. Олар өз кезегінде бұрыңғы Кеңес одағы жөнінде естуінше білетін тәуелсіздік құрдастары сияқты 90 жылдары болған дағдарыс туралы білетін болады.

2025–2030 жж. аралығында Қазақстанда нарықтық сана сезімдері туа біткен адамдардың саны шамадан асып кетеді. Посттранзиттік кезеңде, яғни жас мемлекеттің қалыптасуымен байланысты сезімтал кезеңнен кейін туылған жастардың жаңа генерациясы келеді.

Соған байланысты осы жылы Жастар саясатының 2020 ж. дейін жаңа Концепциясы бекітілді. Ол бірнеше бағыттардың іске асырылуын ұйғарады:

- Қолжетімді және сапалы білім алуды қамтамасыз ету;

- Салауатты өмір салтын қалыптастыру;

- Құқықтық мәдениетті жоғарылату және жастарды мемлекеттің негізгі құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу;

- Жастардың жұмыспен қамтылуы үшін жағдай жасау;

- Жастар үшін қолжетімді баспана жүйесін дамыту;

- Жастарды мәдени құндылықтарға дағдыландыру;

- Жастарды азаматтық және патриоттық тұрғыдан өзін өзі жетілдіруге ынтыландыру;

- Жастар ортасында моральдық-ізгіліктік бағдарлардың сабақтастығын қамтамасыз ету;

- Ғылыми зерттеулермен қамтамасыз ету және мемлекеттік жастар саясатының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру.

Айдарлар
Яндекс.Метрика