Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Тұрғындардың биологиялық, психологиялық және әлеуметтік жағдайының үйлестірілген жүйесі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысына сәйкес «Денсаулық – аурулар мен физикалық ақаулардың болмауы ғана емес, сонымен қатар толығымен физикалық, рухани және әлеуметтік амансаулық». Денсаулықтың негізгі көрсеткіштері:

-  тұрғындардың табиғи қозғалысы;

-  тамақ және тамақтану;

-  білім алу;

-  еңбек етудің жағдайы мен режимі;

-  баспана қоры;

-  тұтыну және жинақтау қорлары;

-  көлік құралдары;

-  еңбекке жарамды тұрғындардың жұмыспен қамтылуы;

-  киім-кешек;

-  демалысты ұйымдастыру;

-  әлеуметтік қамсыздандыру;

-  жеке тұлғаның еркіндігі.

1980   жылдан   бастап   ДДҰ   жаһандық «XXI ғ. денсаулық баршаға» атты стратегияны жүзеге асыруда, ол бойынша өсіп келе жатқан ұрпақтың әлеуметтік-медициналық қажеттіліктеріне, алдын-алу шараларын арттыру мен осы бағыттағы бірінші буын ретінде денсаулыққа басымдық беру бағытталған.

Қазіргі таңда Қазақстанда тұрғындардың денсаулығына арналған Қазақстан Республикасының 2011–2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты елдің әлеуметтік-демографиялық тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту болып табылады. Сонымен қатар, 2008–2016 жылдарға арналған «Салауатты өмір салты» бағдарламасы (2007 ж. 21 желтоқсанында ҚР Үкіметінің № 1260 қаулысымен бекітілген) ұлттың денсаулығын жақсартып, Қазақстанның тұрақты дамуы мәселесіне арналған.

Денсаулық сақтау жүйесінде кепілдендірілген тегін медициналық көмектің минималды стандарттары бекітілген. Жалпы дәрігерлік тәжірибе қағидалары бойынша әрекет ететін алғашқы санитарлық-медициналық көмек қызметіне реформа жүргізілді.

Қазақстандағы 5 жасқа дейінгі балалар өлімі 65%-ға азайды – 1990 ж. 1000 баланың 54,1-і, 2012 ж. 18,7 құрады, барлығы ҚР бала өлімі 2012 ж. туған балалардың 1000-ның 13,46-ын құрайды. Ана өлімінің саны 100 000-ның 13,5-ін құрады. Жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 8,68 төмендеді. Өмір сүру ұзақтығы 69 жасқа көтерілді.

Онкологиялық ауруларға қатысты өлім көрсеткішін төмендетуге қол жеткізілді. Ерте диагностика жасау көрсеткіші 49,5 пайызға дейін ұлғайтылды. Онкологиялық қызметті дамыту бағдарламасы енгізілді. Астана қаласында Назарбаев Университеті жаныннан Онкологиялық орталық ашылды.

Әлеуметтік аурулармен ауыру деңгейі төмендеді. «А» вирустық гепатитімен ауыру 4,6 есе қысқарса, туберкулез ауруымен ауыру азайып, бір мың адамға шаққанда 14,3 жағдай тіркелген.

2011 ж. елде диагностика жасау мен емдеудің 60 астам жаңа технологиялары енгізілді, олар аймақтарда да қолжетімді.

ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы» Жолдауында «ұлт денсаулығы» біздің жарқын болашағымыздың негізі ретінде қарастырылады. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін ұзақ мерзімдік жаңарту аясында бүкіл ел территориясында медициналық қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын енгізу, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуын жетілдіру және бірыңғайлау шараларын жүзеге асыру қажет. Келесі маңызды басымдықтар қарастырылған:

-  сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамсыз ету;

-  аурулардың барынша ауқымды спектріне диагностика жасау мен емдеуді қамтамасыз ету;

-  профилактикалық медицина аурулардың алдын алудағы негізгі құралға айналуы тиіс. Елдің тұрғындары арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына үлкен басымдық беру қажет.

Айдарлар
Яндекс.Метрика