Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

МОНОҚАЛАЛАР

Моноқала – елді мекендер, мұнда ірі кәсіпорындардың қызмет етуі мен халықтың өмір салтының экономикалық-әлеуметтік аспектілерінің арасындағы байланыс соншалықты тығыз болып келеді, яғни кәсіпорынның нарықтық әлеуеті осы мекеннің өміріне маңызды әсер етеді.

АҚШ-та моноқалалардың мәселесі (company towns) 130 жылдан бері бар. Дамыған елдерде индустриаландыру кезеңінде бір ірі өндіріс немесе бірыңғай өндіріс топтарының маңында қалалар пайда болатын. Классикалық мысал – Детройт қаласы, автокөлік саласы. Көмір өнеркәсібі, металлургия басым болған қалалар да болған. Моноқалалар мәселесі алдыңғы ғасырдың 70-жылдарында өткір болды.

Өнеркәсіптік өндірістің кенет құлдырауымен шарпылған территориялар АҚШ-та «Тат белдеуі» (Rust Belt) атауына ие болды. Америкада бұл мәселені моноқалалардың тұрғындары баспаналарын сату және жұмыс бар жерлерге көшу арқылы шешті. Яғни, мәселені шешуге халықтың жоғары жұмылғыштығы көмектесті. Еуропалықтар үшін бұл жағдай аса тән емес, олар тұрған жерлеріне анағұрлым үйірлі болып келеді және оларда территорияларды сауықтырудың басқа стратегиялары басым болды.

Моноқалалардың құлдырауымен күрестің американдық стратегияларын екі санатқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі өсуді қолдауға, екіншісі шығындарды қысқартуға бағытталған. Өсуді қолдау өзіне салықтық жеңілдіктері немесе әрбір қабылданған қызметкер үшін субсидиялары бар кәсіпкерлік аймақтарын (enterprise zones) құруды қосады. Өсуді қолдаудың басқа варианты – бұл туристік орталықтарды (казино, сауда орталықтарын, аттракциондарды) қалыптастыру.

Қазақстанда «моноқалалар» – бұл өнеркәсіптік өндірістің және жұмысқа қабілетті халықтың негізгі бөлігінің (20% және одан көп), әдетте, бір профильдегі және шикізаттық бір бағыттылықтағы бір немесе бірнеше қаланы құраушы кәсіпорындарда шоғырланатын қалалар, бұл кәсіпорындар қалада болып жатқан барлық экономикалық және әлеуметтік үрдістерді анықтайды. Моноқалалар санатына халқының саны 10 мыңнан 200 мыңға дейінгі адамды құрайтын және келесі белгілермен сипатталатын қалалар қосылған:

1) қаланың қала құраушы кәсіпорындарының, негізінен өндіруші сектордағы кәсіпорындардың өнеркәсіптік өндірісінің көлемі жалпықалалық өндіріс көлемінің 20%-дан астамын құрайды (мономамандандырылу);

2) қала құраушы кәсіпорындарда жұмыспен қамтылған халықтың жалпы көлемінің 20%-дан астамы жұмыс істейді;

3) қала құраушы кәсіпорындар жарым-жартылай жұмыс істейтін немесе өз қызметтерін тоқтатқан қалалар.

Бұл ретте, көптеген моноқалаларға осы қалалармен экономикалық тұрғыда тығыз байланысты қала маңындағы кенттер мен ауылдық елді мекендер әкімшілік бағыныста болып келеді.

Моноқалалардың дамуы 2012–2020 жж. арналған моноқалаларды дамыту Бағдарламасымен реттеледі.

Қазақстанда 27 моноқалалардың 16 қаласы сәйкес аудандардың әкімшілік орталықтары болып табылады. 11 қала аудандардың орталықтары емес – Степногорск, Текелі, Серебрянск, Курчатов, Шахтинск, Сарань, Қаражал, Лисаковск, Арқалық, Ақсу, Жаңаөзен. Олардың бір бөлігі облыстық маңызы бар қалалар (Степногорск, Текелі, Балқаш, Жезқазған, Сарань, Қаражал, Сатпаев, Теміртау, Шахтинск, Арқалық, Лисаковск, Рудный, Жаңаөзен, Ақсу, Екібастұз, Курчатов, Риддер, Кентау қалалары) болып келеді, ал басқа бір бөлігі аудандардың бірігуі нәтижесінде аудандар орталығы дәрежесін жоғалтты.

Қазақстанның моноқалаларының тізімін негізінен тұрғын халқы 50 мыңға дейінгі шағын қалалар, және халқының саны 100 мыңнан асып түсетін төрт орташа қала – Теміртау, Рудный, Жезқазған, Екібастұз қалалары құрайды.

Қазақстанның моноқалаларының типологиясы:

1. Қалалар – өнеркәсіптік орталықтар:

1)  кен өндіруші өнеркәсіптері басым болып келетін қалалар – 20 қала:

- көмір өндіру – Абай, Сарань, Шахтинск, Екібастұз;

- мұнай мен газды өндіру – Ақсай, Құлсары, Жаңаөзен;

- металл рудаларын өндіру – Арқалық, Балқаш, Зыряновск, Қаражал, Кентау, Лисаковск, Риддер, Рудный, Текелі, Хромтау;

- басқа шикізат түрлерін өндіру – Жаңатас, Қаратау, Жетіқара.

2)  өңдеу өнеркәсібі басым болып келетін қалалар – 6 қала:

- химия өнеркәсібі – Серебрянск;

- машина жасау, металлургия өнеркәсібі (алтын), уран өндіру – Степногорск;

-  металлургия өнеркәсібі – Ақсу, Жезқазған, Сатпаев, Теміртау.

2. Ғылыми-өнеркәсіптік орталық (1 қала) – Курчатов.

Айдарлар
Яндекс.Метрика