Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР

Алғашқы рет «мемлекеттік қызмет» түсінігі 2007  ж.  Қазақстан   Республикасының «Әкімшілік  рәсімдер  туралы»  заңында қолданылған болатын.

1)   Қазақстан Республикасының 2013 ж. 15 сәуірдегі № 88-V «Мемлекеттік қызметтер туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызмет - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, еркіндіктері мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.

2)   «Мемлекеттік қызметтер» түсінігімен қатар әдебиетте басқа да – «көпшілікке қызметтер» мен «әлеуметтік қызметтер» терминдері кездеседі. Егер де көпшіліктік пен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер өзара осы қызметтерді көрсетуші субъектісі бойынша ерекшеленсе («мемлекеттік қызметтер» терминінде «мемлекеттік» сөзінің болуы бұл қызметті көрсетуші субъектіні танытады), ал әлеуметтік қызметтер оларды көрсету саласы бойынша айқындалады. (Л.К. Терещенко). Әлеуметтік қызметтерді түсіндірудегі айырмашылықтарға қарамастан мемлекеттік және әлеуметтік    қызметтер көпшіліктік қызметтердің элементтері болып саналады, өйткені кейбір жағдайларда белгілі-бір қызмет мемлекеттік те, әлеуметтік те және көпшіліктік те болуы мүмкін.

Осылайша, көпшіліктік қызметтер жалпы қоғам үшін немесе оның бір бөлігі үшін (яғни пайдаланушы субъектілердің шектеусіз тобы немесе жеке азамат үшін) олардың көпшіліктік немесе жеке мүдделерін қанағаттандыруға қатысты қызметімен айқындалады деп санауға болады.

«Көпшіліктік қызмет» термині «мемлекеттік қызметтер» түсінігінен ауқымды, өйткені оны мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдар да көрсетуі мүмкін, ең бастысы оларды біріктіретіні – бұл олардың орындалуына деген қоғамның қызығушылығы, қоғамдық мүдде мен әлеуметтік маңыздылығы. Ал мұндай қызметтерді кімнің көрсететіндігі көп жағдайда тұтынушы үшін маңызды емес, ол үшін қызметтің орындалуының тиімділігі негізгі критерий болып саналатын бірнеше жағдайларға қатысты болуы мүмкін.

Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін ағымдағы Мемлекеттік қызмет көрсету реестрі 2013 ж. 18 қыркүйегіндегі Қазақстан Республикасының Үкіметінің № 983 қаулысымен бекітілген.

Реестрде азаматтардың өмір сүру қажеттіліктеріне қатысты кәсіпкерлік қызмет, жанұя құру, білім беру мен бос уақытты тиімді өткізу, және де мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты көлік пен байланыс, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және де басқадай салаларды қамтитын мемлекеттік қызметтердің 647 түрі қамтылған.

Мемлекеттік қызмет көрсету түсінігіне қатысты пікірталастар көп жағдайда өткен ғасырдың 80–90-шы жылдарында АҚШ пен Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде кең етек алған мемлекеттің белгілі-бір «қызмет көрсетулік» тұжырымдамасын түсіндіруге қатысты орын алады. Бұл тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттің мәні мен міндеті азаматтарға қызмет ету болып саналады.

Осыған байланысты мемлекеттің азаматтармен өзараәрекеттестігі бойынша кез-келген қызметі мемлекеттік қызмет көрсету түрі ретінде танылады.

АҚШ-та федералдық мемлекеттік ұйымдардың қызметін сипаттау бойынша анықтама үлгісі қызметтің 4 саласын бөліп қарастырады – азаматтарға қатысты қызметтер, қызмет көрсетудің әдістері, қызмет көрсету үрдісіне қолдау көрсету, мемлекеттік ресурстарды басқару. Азаматтарға қатысты қызметтердің 19 бағыты бар: қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, ішкі қауіпсіздік, білім беру, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсетулер, ғылым және инновация, экономикалық даму және басқалар.

Германияда федералдық үкіметтің 400 қызмет көрсету түрлері мазмұнына қатысты 8 түрге бөлінеді, бірақ оның жалпы санының 73% олардың ішіндегі негізгі үш бағытқа қатысты:   жалпы   және   арнайы   ақпаратты жинау, өңдеу және жариялау; мемлекеттік органға түсетін өтініштерді қарастыру және көмек көрсету мен қолдау (қаржылай көмек, грант және тағы басқалар бойынша).

Мемлекеттік органдардың міндеттері мемлекеттік қызмет көрсету реестрі мен стандарттары негізінде қалыптасады (Ұлыбритании тәжірибесі – 1991 ж. Citizen’s Charter және 2011 ж. Open Public Services White Paper).

Мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасы айрықша маңызға ие. Осы мәселеге және мемлекеттік қызмет көрсетуді стандарттауға әлемнің барлық елдерінде айтарлықтай назар аударылады. Осыған қатысты мемлекеттік (бюджеттік) қызмет көрсетудің сапа стандарты бюджеттік қызмет көрсетудің қалаулы және қолжетімді деңгейі ретінде анықталады және де осы деңгей бойынша қызмет көрсетудің нақты деңгейі бағаланады.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын қамтамасыз ету үшін Канада еліндегі секілді (федералдық есептілік туралы заң, Тұтынушыға бағытталған қызмет институты, ұлттық сауалнамалар, тұтынушының қанағаттанғандығы бағамы) қоғамдық бақылау тетіктері енгізілуде.

Айдарлар
Яндекс.Метрика