Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

«ХАЛЫҚТЫҚ IPO» БАҒДАРЛАМАСЫ

IPO (ағылш. Initial Public Offering) – сатылым үшін әлдебір компаниялардың акцияларының алғашқы бұқаралық ұсынысы. Бұл ретте «алғашқы» сөз тіркесі компания өз акцияларын биржаға алғаш рет шығарып отыр дегенді білдіреді.

«Халықтық» тіркесі осындай IPO барысында сатуға шығарылған акциялар бірінші кезекте, эмитент-компаниялар әрекет ететін, елдің халқына ұсынылатын болатындығын білдіреді. Әдетте, Халықтық IPO барысында сатуға мемлекет акциялардың толық немесе басқарушы пакетіне ие кәсіпорындар қойылады.

Халықтық IPO-ны жүргізудің бірнеше себептері бар.

Біріншіден, тиімді кәсіпорындардың акцияларына иелік ету азаматтарға компаниялардың дамуы мен өсуінен пайда алуға мүмкіндік береді. Бұл акция құнының өсуі кезінде, және дивидендтерді төлеу есебінен де болады.

Екіншіден, халықтық IPO қор нарығының дамуына септігін тигізеді. Халыққа жетекші кәсіпорындардың акцияларын иеленуге мүмкіндік бере отырып, мемлекет инвесторлардың шеңберін кеңейтеді. Акцияларға ұлғайып отырған сұраныс олардың өтімділігінің өсуіне алып келеді, ол өз кезегінде қор нарығының (бағалы қағаздар нарығының) дамуына оң әсерін тигізеді.

Үшіншіден, халықтық IPO барысында тартылған қаражаттарды мемлекеттік компаниялар өздерінің одан арғы дамуына, активтерді сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге инвестициялай алады.

Халықтық IPO әртүрлі экономикалық жағдайларда әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Ұлыбритания, Польша, Ресей, Бразилия, Үндістан және т.б. жүргізілген. Мысалы, Ұлыбританиядағы бұндай бағдарлама 80-90 жылдар аралығында Премьер-министр Маргарет Тэтчердің басшылығымен жүргізілген. Онда халыққа электрэнергиясы секторының, су және көмір индустриясындағы компаниялардың, «Бритиш Газ», «Бритиш Стил», «Ролс Ройс» секілді ірі ұлттық компаниялардың акциялары ұсынылған болатын.

Халықтық IPO, әдетте, оңтайлы экономикалық жағдайда жүргізіледі. Қазақстанда халықтық IPO экономикалық өсу толқынында жүргізіліп жатыр.

Құбылмалылық тәуекелдерін ескере отырып, мемлекет «Халықтық IPO» аясында қазақстандықтарға тұрақты, оң қаржылық нәтижелерді көрсетіп отырған компаниялардың акцияларын ұсынуда. Бұл ретте, елдегі бейбітшілік пен келісім, қазақстандық экономиканың тұрақты дамуы ұлттық компаниялардың құнының одан арғы жоғарылауына, демек халықтық инвесторлар үшін жақсы пайдаға сенуге мүмкіндік береді.

«Халықтық IPO» құнды қағаздар тек Қазақстан азаматтарына ұсынылатын болатындығын білдіреді. «Халықтық IPO-ның» мақсаты мемлекеттік кәсіпорындардың ашықтығын жоғарылату және олардың қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту болып табылады.

Тұлғалардың шағын тобының қолында қағаздардың шоғырлануынан құтылу үшін, Бағдарлама «бір қолға» сатып алынатын акциялардың максималды көлемін шектеуді, сонымен қатар, халықты максималды қамту мақсатында «Қазпошта» АҚ желісін қолдануды ұйғарады.

Азаматтарға ірі ұлттық компаниялардың ортақ иеленушісі болуға мүмкіндік беретін Бағдарлама туралы, бірінші рет, 2011 ж. ақпанында «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев мәлімдеді.

2011 ж. шілдесінде «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның директорлар кеңесі қор нарығында еншілес және тәуелді компаниялардың акцияларын орналастыру Бағдарламасын мақұлдады.

Сол жылдың қыркүйегінде Бағдарлама ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген болатын, сонымен бірге, 2015 жылға дейін акциялары сатылуға кезең-кезеңімен ұсынылатын акционерлік қоғамдар тізімі анықталды.

«Халықтық IPO-ға» қатысушы-кәсіпорындар «Самрұқ-Қазына» ұлттық әлауқат қоры»  АҚ тобына кіреді. Бұл  – «ҚазТрансОйл» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Самрұқ-Энерго» АҚ, «ҚҰТК «Қазмортрансфлот» АҚ , «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ, «Қазатомпром» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ. Бағдарламаға қатысу үшін шикізатқа әлемдік бағалардың конъюнктурасына аса қатты тәуелділігі жоқ компаниялар іріктелді. Мемлекет негізгі кәсіпорындарды бақылау құқығын өзіне қалдырып, сатылымға акциялардың шағын пакетін шығаратындығын атап өткен жөн.

«Халықтық IPO-ға» үміткер-компанияларды дайындау үш негізгі кезеңді қамтиды:

- өзіне қаржылық есептіліктің аудитін, корпоративті басқару және тәуекелдерді басқару жүйесін, ішкі бақылау және аудит жүйесін тексеру және жетілдіруді қосатын алдынала дайындау;

- өзіне кешенді тексерісті («due diligence»), андеррайтинг пен қызметтер құнын соңғы анықтауды, заңдық қолдауды (эмиссия анықтамалығын және басқа да қосымша заңды құжаттарды әзірлеу), бизнесті бағалауды, маркетингтік стратегияны әзірлеуді қосатын, акцияларды орналастыруға дайындық;

- акцияларды орналастыруды жүргізу, соның ішінде инвесторларды оқыту, ақпараттық және инвестициялық меморандумды әзірлеу, PR–қолдау, өтініштерді жинау (алдынала жасалған анықтамалықты жариялау, «roadshow» көшпелі презентацияларды өткізу, сұранысты талдау, бағаларды орнату), орналастыруды жүзеге асырғаннан кейін екінші ретті нарықтағы шаралар (ұйымдастырылған нарықта акцияларды қолдау).

Мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың акцияларын алғаш рет орналастыру бойынша бағдарлама көптеген елдерде қабылданған. Аса тиімділердің ішінде Бразилия, Қытай, Малайзия, Сингапур, Индонезияжәне Үндістан тәжірибелерін атап өтуге болады. Малайзияда 1970-1980 жж. мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың жаппай жекешелендірілуі жүргізілген болатын, оған 8 млн.-ға жуық инвесторлар қатысты.

Германиядағы бірінші «Халықтық IPO» нәтижесінде 1930 ж. ел тұрғындары өздері жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың еншілес иеленушілері болды. Неміс өнеркәсібіне бірнеше жыл ішінде салынған инвестициялар ел экономикасына үлкен қадам жасауға мүмкіндік берді. Қазіргі жүзжылдықта, 2004 ж. Германияда жүргізілген, тағы бір «Халықтық IPO» «Deutsche Postbank» мемлекеттік банкінің акцияларының бағасының екі есе көтерілуін қамтамасыз етті. Польша билігінің 2009– 2011 жж. аралығында жүргізген, «Халықтық IPO» жүйесі бойынша 740-тан астам кәсіпорындардың жекешелендірілуінің ірі кампаниясы бюджет тапшылығын қысқартуға және сыртқы қарыздардың көлемін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.

Отандық компаниялардың акцияларын халық ішінде орналастыру бойынша іспеттес бағдарлама Ресейде 2006 ж. шілдесінен бастап жүзеге асырылып келе жатыр. Ауқымды жарнамалық кампаниядан кейін «Роснефть», «Сбербанк» және «ВТБ» өздерінің қағаздарының белсенді сатылымын бастады. Қор нарығына жарты миллионға жуық инвесторлар тартылды. Мамандардың ойынша, ресейлік бағалы қағаздар нарығының озық дамуына дәл осы халықтық IPO серпіліс болды.

Айдарлар
Яндекс.Метрика