Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ

Бір немесе бірнеше секторлардың басымдылығынан өтуді және жанжақты дамыған, экономикалық дағдарыстарға салыстырмалы түрде тұрақты көпсалалы шаруашылыққа қол жеткізу мақсатында экономиканың жаңа бәсекеге қабілетті секторларын құруды білдіреді.

Әлемдік тәжірибеде термин бірінші рет ХХ ғ. 50-жылдарында қолданылған және дамыған елдердің экономикасында шаруашылық жүйелерінің құрылымдық қайтақұрылуымен байланысты жаңа құбылыстарды білдірген: қызмет ету саласын өндірістегі өнім мен қызметтердің сұрыптамасын ұлғайту есебінен кеңейту, белгілі бір тауарлар мен қызметтерді өндіруде тар маманданудан бас тарту, тиімділікті жоғарылату мақсатында шаруашылық қызметті жанжақты дамыту.

Ресурстық базаны әртараптандыру – экономика ресурстарының жиынтығының жанжақты дамуы. Оның құрылымында табиғи, еңбек, салалық, қаржылық, кәсіпкерлік, ғылыми ресурстар секілді ресурстардың түрлерін бөлік көрсетуге болады.

Тауарлар мен қызметтер өндірісін әртараптандыру – бір-бірімен байланысты емес өндірістердің көптеген түрлерін біруақытта дамыту, өндірілетін құралдар мен қызметтердің сұрыптамасын кеңейту.

Сауда серіктестерін әртараптандыру – екіжақты және көпжақты келісімдердің қатысушылары болып келетін, мемлекеттер және халықаралық құқық субъектілерімен іскерлік байланыстарды кеңейту.

Қазақстанда термин 2002 ж. «Инновациялық қызмет туралы» бірінші заң қабылданғаннан бастап қолданыла бастады. Басым болып келген импортты алмастыру тәсілі, өз кезегінде, 2003 ж. қабылданған Индустриалды-инновациялық даму стратегиясына трансформацияланды.

Жүргізіліп жатқан саясаттың арқасында республика кен өндіру және ауыр өнеркәсіп салаларында өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Осылайша, мұнай өндіру көлемі 3,5 есе артып жылына 80 мың тоннаға дейін; темір мен хром өндірісі – 2 есе; мыс өндірісі – 1,6 есеге артты. Ферроқорытпа мен алюминий өндірісі 2 есе; электр қуатының өндірісі 1,3 есе өсті.

Сонымен қатар, Қазақстан өзінің шикізаттық артықшылықтарын пайдалана отырып, өңдеуші секторларды да дамытуда. Автомобиль құрылысы, вагон құрылысы, авиатехниканы жинақтау салалары пайда болды. Елдің инновациялық деңгейге өтуі үшін босалқы дайындамалар құрылуда.

2009 жылдан бастап инновациялық белсенділік екі есе – 2009 ж. 4%-дан 2012 ж. 7,6%-ға дейін ұлғайды.

Кәсіпорындардың технологиялық инновацияларға шығындары 325,6 млрд. теңгеге жетті, бұл көрсеткіш 2011 ж. деңгейінен 67% жоғары, және 2009 ж. деңгейінен 10 есе артық.

Шығарылатын инновациялық өнім көлемі 379 млрд. теңгені құрады, бұл деңгей 2011 ж. 60,6%-ға және 2009 ж. көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.

Осылайша, ЖІӨ-де инновациялық өнімнің үлес салмағы 0,85%-дан 1,3%-ға дейін ұлғайды.

Экономиканы әртараптандыру үрдісі – күрделі және кешенді міндет. Өз экономикаларының қайта құрылымдалуын және әртараптандыруын түрлі кезеңдерде Жапония, Финляндия, Ирландия, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан тиімді жүзеге асырған болатын. Экономиканы тиімді әртараптандырудың көрнекі мысалы болып Норвегия тәжірибесі табылады. Көмірсутекті ресурстардың айтарлықтай қорына ие бола отырып, Норвегия өндірілетін мұнай мен газдың 90% экспортқа жіберіп және алынатын табыстарды инновациялық қызмет пен әлеуметтік салаға инвестициялау арқылы өндіруші өнеркәсіп үлесінің төмендеуіне қол жеткізді.

Бүгінгі таңда Қазақстан да осы сценарий бойынша келе жатыр. 2013 ж. 22 мамырда өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 26-шы бірлескен отырысының қорытындысы бойынша келесілерді жүзеге асыру жоспарланып отыр:

- ғылыми топтарды басқару үшін Қазақстанға әлемдік атағы бар 7 ғалымды тарту;

- 7 қазақстандық компанияны жоғары технологиялық тапсырыстармен қамтамасыз ету;

- 7 инновациялық тәуекелшіл (венчурлік) компанияларды құру.

Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес, инновациялар – аясы тар мақсат емес. Олар экспорттың жалпы көлемінде шикізаттық емес экспорт үлесінің 2025 ж. қарай екі есе және 2040 ж. үш есе артуының жалпы мақсатына қызмет етуі қажет. Берілген мақсаттар индустриаландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру, жасыл технологияларды қолдануды кеңейту, ғылыми-инновациялық даму, жетекші инновациялық кластерлерді дамыту арқылы іске асатын болады.

Жалпы, ұлттық экономиканы әртараптандыру оның өнімділігінің немесе тиімділігінің өсуіне септігін тигізуі қажет.

Өнімділік өндірістің жалдамалы еңбек секілді жеке факторларының бірлігіне немесе ауыл шаруашылығындағы жер бірлігіне есептеліне алады немесе оны әртүрлі өндіріс факторларының біріктірілуін ұйғаратын жиынтық өнімділікпен салыстыруға болады. Жұмысбасты бір жұмысшыға шаққандағы өнімділік жұмыс уақытының ұлғаюы, еңбек қарқындылығының күшеюі, жұмыс күші тарапынан шеберліктің өсуі есебінен немесе капиталды құрал-жабдықтарды енгізу, технологияларды жетілдіру және анағұрлым жақсы басқару есебінен өсуі мүмкін. Масштаб әсері тұрақты емес болған жағдайда (return to scale), өнімділікке, сонымен қатар, өндіріс көлемінің деңгейі әсер етеді.

Айдарлар
Яндекс.Метрика