Басты

Терминологиялық анықтамалық «Қазақстан 2050»

ӘЛЕМДЕГІ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ 30 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА КІРУ

«Бәсекеге   қабілеттілік»   санаты   «бәсе-келестік» түсінігінің туындысы болып табылады. Политэкономияның классиктері А Смит, Д. Рикардоның анықтамалары бойынша, бәсекелестіктің мәні оның табыс үшін жарыс болып келетіндігінде.

Елдің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату тақырыбы ХХ ғ. 80-жылдарында, әлемдік нарықта жапондық экономиканың табыс-тылығының себептері мен американдық экономиканың «деиндустриализациясы» қаупін жеңу туралы сұрақтарға жауап іздеу үрдісі барысында АҚШ-та пайда болды. 1985 ж. АҚШ-та АҚШ Президентінің жанында Бәсекелестік мәселелері бойынша комиссия, кейін 1986 ж. негізгі мақсаты ұлттық бәсекеге қабілеттілікті жоғарылатудың мемлекеттік саясатын жүзеге асыру болып табылатын Бәсекеге қабілеттілік саясаты бойынша кеңес құрылды.

Бәсекеге қабілеттілік түсінігінің заманауи көрінісін негізінен американдық ғалым М. Портердің әзірлемелері айқындады. Ол елдің бәсекеге қабілеттілігі түсінігін өндіріспен байланыстырады. Осы іспеттес ойды әйгілі американдық ғалымдар Д. Доллар және Э. Вульф ұстанады, олардың тұжырымы бойынша бәсекеге қабілетті ел болып жоғары технологиялар базасында халықаралық саудада табыстылықты және еңбекақылары мен табыстары жоғары өндірісті үйлестіретін ел саналады.

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жалпы интегративті мақсаты ретінде белгіленген.

Осындай мақсатты индикаторды Елбасы бірінші рет 2006 ж. «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру Стратегиясы. Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» Жолдауында қолданды.

Көп жылдар барысында әлемнің түрлі елдерінің бәсекеге қабілеттілігін бағалаумен Дүниежүзілік экономикалық форум (WIF/ДЭФ), Менеджментті дамытудың халықаралық институты (IMD), Дүниежүзілік банк айналысады. Әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігінің жетекші әлемдік рейтингі болып ДЭФ-тің жылсайынғы «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» (GCI/ЖБҚИ) баяндамасы табылады. 1979 ж. бастап бәсекеге қабілеттіліктің жылсайынғы жаһанды баяндамаларында ұлттық экономикаларға тұрақты экономикалық өсуге және ұзақ мерзімді ауқаттылыққа қол жеткізуге мүмкіндік беретін факторлар зерттеледі. Басқа сөзбен айтқанда, баяндамалардағы мәліметтер белгілі бір елдің даму деңгейінің көрінісі болып келеді.

2013 ж. қыркүйекте (2012 ж. қорытындысы бойынша) шыққан, ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есеп нәтижесі бойынша Қазақстан, 2011 жылмен салыстырғанда өз позициясын 22 тармаққа (2011-2012 жж. рейтингте – 72 орын) және 2012 жылмен салыстырғанда 1 тармаққа (51 орын) жақсартып, орташа 4,41 балмен 50-ші орынды иеленген. Бұл ретте, Қазақстан даму деңгейі едәуір жоғары елдер қатарына өтті, бұл елдердің дамуында тиімділік пен инновациялық даму факторлары маңызды рөл атқарады.

Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша «Doing Business» (бизнесті жүргізу жеңілділігі) көрсеткіштері бойынша Қазақстан 2012 ж. ең дамыған 50 ел деңгейінен өтті. Жыл сайын өзгеріп отыратын есептеу әдістемесіне сәйкес 2012 ж. Қазақстан «Doing Business 2013» рейтингінде өз позициясын 7 тармаққа жақсартып 49-шы орынға ие болды (2013 ж. есептеу әдістемесіне сәйкес Қазақстан 2011 ж. 56-шы орында болған).

Посткеңестік елдер арасында іскерлік ортаның жайлылығы бойынша Қазақстан көшбасшылардың бестігіне кірді. Ең жоғары позицияны, алдыңғы жылы секілді, 16-шы орыннан 9-шы орынға көтерілген Грузия алды. Одан кейін Эстония (21-шы орын), Латвия (25-ші орын), Армения (32-ші орын) және Қазақстан (49-шы орын) орналасқан. 

Менеджментті дамытудың Халықаралық институтының Әлемдік бәсекеге қабілеттілік туралы жыл сайынғы баяндамасының бағалауы бойынша Қазақстан барынша дамыған 30 ел қатарына кіруге жақын. 2013 жылғы IMD рейтингінің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы 34 орынға ие. Қазақстан Чех Республикасы (35 орын), Үндістан (40 орын), Түркия (37 орын), Италия (44 орын) және Португалия (46 орын) секілді елдердің алдында орналасқан. ТМД елдері арасында Қазақстан Ресейді 8 тармақ бойынша (42 орын) және Украинаны 15 тармақ бойынша (49 орын) озып көшбасшы позицияны алды.

Қойылған міндеттердің күрделілігі және кезеңділігімен байланысты, Қазақстанда бәсеке қабілетті елдердің 30-на кіру тұжырымдамасы әзірленуде. Соңғы 50 жыл ішінде бірнеше мемлекет дамуда осындай ілгерілеуді және әлемнің көшбасшы 30 еліне кірігуді жүзеге асырды. Ең озық мысалдар болып «азиялық жолбарыстар» деп аталатын – Оңтүстік Корея және Сингапур, сонымен қатар, Адами әлеуеттің даму индексі бойынша ең дамыған 30 елдің қатарына кіре алған, Шығыс Еуропаның кейбір елдері – Чехия және Словения табылады.

2050 жылға қарай Қазақстан келесідей жетістіктерге қол жеткізеді деп ұйғарылады:

1) экономиканың орташа жылдық өсуі 4,3% жағдайында жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 60 мың доллардан кем емес көлеміне қол жеткізу;

2) ЖІӨ-де мұнайгазды емес сектордың үлесінің 32%-дан 70%-ға дейін өсуіне жету;

3) ұзақ мерзімді өсудің негізгі қозғаушы факторы ретінде еңбек өнімділігі ағымдағы деңгейден 5 есеге ұлғаюы, яғни жұмыс істейтін адамға шаққанда 24,5 мың доллардан 126,5 мың долларға дейін өсуі керек;

4) ғылыми зерттеулер мен инновациялық әзірлемелерге шығындардың көлемі ЖІӨ-нің 0,2%-нан 3%-на дейін өсуі қажет; 

5) мемлекеттік қызметтердің сапасын жоғарлатуды қосқанда, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қазіргі 116 орыннан 30-қа жуық орынға дейін жақсарту қажет;

6) Қазақстан Бизнесті жүргізу жеңілдігінің индексінде 49 орыннан 30-қа көтерілуі және 2050 жылға қарай жиырмалыққа кіру керек;

7) жемқорлықтың Transparency International индексінде ағымдағы 133-ші орыннан ең кемінде отызыншы тармаққа көтерілуге мүмкіндік беретін масштабты жұмысты жүргізу қажет;

8) 2050 ж. қарай энергияның қайта қалпына келетін және балама түрлерінен генерацияны 50%-на қол жеткізу;

9) ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын екі есе төмендету, яғни ЖІӨ-нің 1 мың долларына шартты отынды 0,4 тоннадан 0,2 тоннаға дейін азайту;

10) 2050 ж. қарай 20 млрд. м3 инерциялық сценарийі жағдайында су тапшылығын болдырмау;

11) халықтың орташа жасын 35 жасқа жеткізуді қамтамасыз ету барысында демографиялық өсуді 17 млн.-нан 21 (25) млн-ға дейін өсіруді қамтамасыз ету;

12) туу коэффициентінің 2,1–2,2 промилле және одан да жоғары деңгейде сақталуына қол жеткізу;

13) елдегі орташа өмір сүру ұзақтылығын 69,6 жастан (әлемде 128-ші орын, әлемдегі көшбесшы 30-шы елден 10 жылға артта қалу) 84 жасқа дейін жоғарлату, бұл 2050 ж. қарай 30-шы елдің болжамдалатын мәні болып табылады;

14) 3 жастан үлкен балалардың барлығын жоғары сапалы мектепке дейінгі мекемелермен қамсыздандыру;

15) оқушылардың білім алудағы жетістіктерін бағалау бойынша Халықаралық бағдарламадағы рейтингті (PISA) 398-ден 500 баллға дейін жақсарту және 2030 жылға қарай 30-шы қатарға кіру, 2059 ж. 20-шы орынды иелену;

16) ауыр қылмыстар бөлігінде қылмыстық деңгейін 90%-ға төмендету;

17) 2050 ж. қарай ортаазиялық аймақтағы елдер арасындағы сауда көлемін 12–14 млрд. доллардан 40–45 млрд. АҚШ долларына (2005 ж. нақты бағалары бойынша) дейін ұлғайту;

18) қазақстандық жоғарғы оқу орындарында шетелдік студенттерді дайындау үлесін 1-ден 15%-ға жоғарылату;

19) қазақстандық экспортты алушылар үлесін (негізгі екі алушылардан басқа) 35%-дан 70%-ға дейін немесе одан да жоғары деңгейге өсіру.

Айдарлар
Яндекс.Метрика