Жаһандану жастарының қызығушылығы қандай?

Елуінші жылдары дамудың даңғыл жолына түскен әдебиет 60-70-80-ші жылдардың ортасына дейін дәуірлеп тұрды. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ә.Нұршайықов, Ә.Тәжібаев, С.Мұқанов, М.Мақатаев, Б.Соқпақбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, осы күні көздері тірі Д.Исабеков, М.Шаханов, М.Мағауйн, Ш.Мұртаза және тағы басқа да көптеген шоқтығы биік ақын-жазушылар алдыңғы шепке шықты. Бұл жазушылар бабалар дәстүрінен алыстаған жоқ. Жазушының басты мақсаты, негізгі діңі – адамгершілік пен жарқын болашақты жырлау еді. Қалада тұратын интеллегент-оқымыстыдан бастап, таудың бір қиырында мал бағып жүрген қойшыға дейін қонышына кітап қыстырып жүріп оқыды.
18 Сәуір , 10:02

Шамамен алпысыншы  жылдардың соңын ала бере 70-80-90 жылдары кино өнері де қарқынды дамыды. «Амангелді» фильмінен басталған қазақ киносының дәурені «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» секілді көрерменін өзіне телміртіп қойған көркем туындылар шықты. Қазақ анимациясының атасы Ә.Қайдаров «Қарлығашты құйрығы неге айыр?» мультфильмімен кішкентай көрермендердің жүрегіне жол тапты.

Елдің бәріне мәлім дүниелерді неге тізіп отырмын. Кейде ойлаймын, біздің құндылықтарымыз осындай болатын. ХХ ғасырдың екінші жартысында жарысып кітап оқу, театрға бару, жиналып кино көру – үлкен мәдениетті, сауаттылықтың, интеллектінің бір көрсеткіші еді. Бастары қосылып жинала қалса жасы да, жасамысы да белгілі бір жазушының жаңа шыққан кітабын, жаңа жазылған қандай да бір шығармасын талқылап жататын. Қай жазушының қандай шығармасында, қай кейіпкері не дегеніне дейін жатқа соғатын. Қазір сондай бар ма?

Қалаларда театрға бару, жаңа премьераларға қатысу, өз актерыңды таңдау және тағы басқалар... Яғни, мемлекеттік, ұлттық, қала берді қоғамдағы жәй ғана адами құндылықтар бар еді. Әдебиет пен театр, кино арқылы жарты ғасыр бойы күллі халық тәрбиеленді. Ол әдебиет тек қана социалистік дәуірді жырлады, ол ұлттық әдебиетке қиянат жасады дегенге келісе алмаймын. Оның да «түлкі заманын тазы боп шалған» кезі болған шығар. Дегенмен, жалпы алғанда адамзаттық құндылықтарды көкседі.

Қазір мазмұны терең, көркем әдебиет оқылмайды, дейді көп танысым. Оған жастардың кітап оқымай кеткенін, көркем әдебиеттің «жетім» қалғанын көлденең тартады. Сол сияқты, қазір киномен де ешкімді таң қалдыра алмайтын болдық. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары техниканың жетілмеген түрімен ақ, классикалық фильмдер түсірілді. Ол әлі күнге көрерменін жоғалтқан жоқ. Ол классикалық туындыларды жоғары бағалайтындар өткен ғасырдан бері өзімен бірге келе жатқан, арты қырықтың қырқасына шыққандар ғана емес, арасында осы жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің де өкілдері бар.

Ал енді бүгінгі жастардың құндылығы не? Олар басқосуларында, әртүрлі жиындарда не туралы айтады? Қазіргі жастардың негізгі айтатындары әртүрлі жаңа технологиялар, жаңа планшеттер мен смартфондар, оларға ыңғайланған жаңа қосымшалар /приложения/, әртүрлі компьютерлік ойындар, гаджеттер, олардың мүмкіндіктері және т.б.. Оқитындары не? Бірең-сараңы ғана шаң басқан сөрелердегі ғылыми зерттеулерге қол созуы мүмкін.

Көркем әдебиеттің қазақшасын оқитындары да көп емес. Оқимын деген қазақ баласының өзі орыс тілінде немесе ағылшын тіліндегі әдебиетке құмар. Неге? Ал кітапхана төңіректеген жастар не оқып жүр? Дені мотивациялық кітаптар. Әлемдегі ең мықты компаниялар қалай дәуірледі, белгілі бір саяси қайраткер немесе бизнесмен, компания басшысы сондай жетістікке қалай жетіпті? Бизнесті жүргізудің әліппесі қандай? Қалай баюға болады? Баю үшін не істеу керек? - және тағы басқа, осындай кітаптар оқиды жастар. Жақсы. Бай болғанның несі жаман? Дегенмен, осының өзі құндылықтардың көп өзгергенін, енді ешкімді жәй ғана рухани әңгімемен «суара» алмайтыныңды байқатса керек. Әйтпесе, өткен ғасырдың классикалық әдебиетін, классикалық киносын қазіргі жастар неге қабылдай алмайды? Қазір жастар кино көрмейді емес, көреді.

Бірақ, қандай кинолар көреді? Олардың киноға деген талабы, түсініктері қандай? Көбіне қабылдауға жеңілдеу комедиялар көретіні байқалады. Интернетте отырған көп қазақтың баласы жеңіл кинолар мен мотивациялық фильмдер, мотивациялық дәрістер көретіні анықталыпты. Интернетте отырған баланың бәрі бірдей порнография, эротика немесе кісі өлтіретін сұмдықтар көріп отырған жоқ. Жалпы, бұны да жоққа шығаруға болмайды. Бұл бәле де бар. Қазақта «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят» кетеді деген сөз бар. Сондықтан, әрине, әлі жанжағын танып болмаған жастарға бақылау да керек. Дегенмен, ана сұранысқа қараңызшы, көпшілігі мотивациялық фильмдер қарайды.

Олай болса, біздің жастардың бүгінгі құндылығы, олардың бүгінгі сұранысы өзінен өзі көрініп тұрған жоқ па? Егер біз, жастар өзге елдің құндылығын сіңіріп алсын демесек, өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізге құрылған мотивациялық кітаптар жазып, фильмдер түсіруіміз керек деп ойлаймын. Сонда, өзгеге телміріп отырған көп жастың бетін бері қартуға болатын сияқты.




Яндекс.Метрика