Жаңа Президент жайлы жеті дерек

Ер мен ел батасыз болмайды. Баталы, аталы елдің ұрпағымыз. Қашан да әр нәрсенің байыбына бара білгенбіз. Күн мен түн тең түскен шақта көз алдымызға Тарих Баба тіріліп келіп, ақ батасын беріп, басымыздан сипағандай болды. Табиғат Ана түлеп салып жатқан кезде әлемнің саяси сахнасында ешкімді де бей-жай қалдырмаған тарихи оқиға орын алды. Америка құрлығының солтүстігі бар, орталығы мен оңтүстігі, Еуразияның батысындағы Ұлыбританиядан бастап, шығысындағы өз иелігі Жаңа Зеландияға дейінгі аралықты алып жатқан елдер мойындарын бұрып, бүгінгі таңда Орталық Азия деп аталатын аренаға ден қойды. Өйткені, тұңғыш рет жаппай қырып жою қаруынан өз еркімен бас тартқан елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кездейсоқ саясаткер емес еді. Ол - XX ғасырдағы қазақ мемлекетінің құрылуының басында тұрған азаматтардың бірі әрі бірегейі болу бақыты бұйырған жан. Бұл оның өз қалауы ғана емес, Баба Тарихтың басына жазған тағдыры. Есім ханның ескі жолы мен Қасым ханның қасқа жолын білеміз. Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы жолымен келеміз. Кемел келешекке сенеміз.
29 Наурыз , 22:16

№1 Отбасы

20 наурыз күні ҚР Парламенті қос палатасының бірлескен отырысында қазақ халқына адал қызмет етуге ант берген Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы отбасында дүниеге келген.

Әкесі Кемел Тоқаев (1923-1986) Қазақстанда детектив жанрының негізін қалаған әйгілі жазушы.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып екінші дәрежелі «Қайсарлығы үшін» орденімен марапатталған.

Анасы Шабарбаева Тұрар (1931-2000) мамандығы бойынша лингвист, Алматының шет тілдер педагогикалық институтында көп жылдар қызмет етті.

№2 Аштық

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атасы Тоқа ақсақал 30 жылдардағы аштықтан аман қалу үшін қазіргі Бішкек, бұрынғы Фрунзе қаласына көшіп барады.

Осында жергілікті бай-манаптардың біріне қызметке орналасып жан бағады.

Алайда, тағдыр отбасын шырғалаңға түсіреді.

Тоқа ақсақалдың бәйбішесі сал ауруына шалдығып мүгедек болып қалады.

Күндердің бір күнінде ас әзірлейтін ошақтың ішіне үйдің еркесі болып жүрген кенже қарындастары құлап, анасының алдында тірідей жанып кетеді.

Ауыр індетке шалдыққан қайран ана өртке оранған баласына көмек қолын соза алмастан, көзалдындағы қасіреттің азабына шыдай алмай оқиға болған жерде жан тәсілім етеді.

Жұмыстан оралған Тоқа ақсақал бұл сұмдықтың үстінен түседі. Қырсыққандай дәл осы күні базардан қайтып келе жатқан  Кемел мен Қасымды көшеде тәртіп сақшылары тоқтатып, оларды ата-анасының қарауынсыз қалған жетімдер деп балалар үйіне тапсырады.

Адамдардың өзі бауыздалып жатқан қатыгез заман болғандықтан, әкелері оларды ұрлап әкеткен екен деп, өмірден баз кешіп, сол күні із-түзсіз жоғалған. 

Осылайша, Кемел мен Қасым Фрунзенің балалар үйінен бірақ шығады.

№3 Илизаров

1941 жылы ағайындылар соғысқа жіберіледі. 1942 жылы Қасым Тоқаұлы қан майданда қаза табады.

Ал Кемел әкеміз ауыр жарақат алып госпитальға түседі. Дәрігерлер сарбазды аман алып қалу үшін жанталасады. Тіпті, екі аяғын кесу керек деген тоқтамға келеді. Алайда, Гавриил Илизаров есімді жалындаған жас дәрігер Кемел Тоқаұлын аман алып қалған екен.

Өзінің фамилиясымен аталатын Илизаров құрылғысын ойлап тапқан ортопед маман қазіргі Президентіміздің әкесін аяғынан тік тұрғызады.

№4 Мектеп жылдары

Мемлекет басшысы Алматының №25 мектебін тәмамдаған.

Француз тілін 50 жылдан бері тереңдетіп оқытып келе жатқан еліміздегі жалғыз орта білім ошағы.

Бұл мектепте уақытында РФ ЛДПР партиясының төрағасы Владимир Жириновский де оқыған.

№5 Жазушылық қыры

БҰҰ жұмыс істеген, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ҚР Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрі, Сенат Спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілімізбен қатар, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін еркін меңгерген. 

Белсенді саяси өміріне қарамастан жазушылықты да қатар алып жүреді.

Атадан балаға дарыған қасиетті одан әрі кемелдендіре түскен десек артық айтқандық емес.

Әкесі көбіне детектив жанрына ден қойса, Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің қалыптасуы мен дамуы, тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саясатының алғашқы қадамдары жайында тамаша саяси мемуарлар жазды.

2003 жылы орыс тіліндегі «Преодоление», 2004 жылы «Свет и тень» кітаптары жарық көрді. Дәл осы жылы дипломаттарға арналған оқу құралы да басып шығарылды.

№6 Тимур Тоқаев

Жалғыз ұлы Тимур Қасым-Жомартұлы 1984 жылы дүниеге келген. Мұнай саласында жұмыс істейтін кәсіпкер. Атырау облысында шикізат өндіретін «Даби Петролиум Компани» мұнай компаниясы иелерінің бірі.

Қасым-Жомарт Кемелұлының жұбайы Надежда Давыдовна Тоқаева қайырымдылықпен айналысады.

№7 Пинг-понг

Президент салауатты өмір салтын ұстанады. Егер Елбасымыз үлкен теннистің қас шебері болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы үстел теннисін керемет меңгерген.

Жастайынан пинг-понг ойнауға ден қойып, 13 жыл қатарынан еліміздің үстел теннисі федерациясын басқарды.   

Мемлекет басшысы қолы қалт етсе кітап оқып, одан қалса асықпай серуендегенді ұнатады.

Оқи отырыңыз:

«Мұнда бірдеңе бар...»

ҚР Президентінің негізгі ұстанымдары - видео

Тоқаев басты мәселелер туралы - видео

Түркістан мемлекетіміздің алтын бесігі - Президент

Рухани жаңғыру: Тоқаев Түркістаннан бастады

Мемлекет басшысы: Азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін арттыру керек

Нұр-Сұлтан қаласы: Президент қаулыға қол қойды

 




Яндекс.Метрика